Қазақстанда самокат тізгіндегендерге қатаң бақылау енгізіледі: Аккаунт бұғатталып, айыппұл салынуы мүмкін

1 шілдеден бастап Қазақстанда электр самокаттарын пайдалану бойынша жаңа ережелер күшіне енеді. Алматы үшін бұл өзгерістер самокат пайдаланушылары мен кикшеринг қызметтерін көрсететін компанияларға елеулі сынақ болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жаңа талаптарды енгізу айтарлықтай қиындық туғызбайды деген үміт білдірді.
"Үлкен мегаполис жағдайында белгілі бір алаңдаушылық бар. Дегенмен азаматтарымыздың жауапкершілігіне сенеміз және жаңа ережелер күнделікті өмірге ауыртпалықсыз енеді деп ойлаймыз", – деді Салтанат Әзірбек.
Әзірбектің айтуынша, жаңашылдықтар туралы ақпарат бірнеше ай бойы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен түсіндіріліп келеді. Сондықтан электр самокаттарын пайдаланушылар жаңа талаптармен алдын ала танысып, бейімделуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ полиция өкілі самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының азайып келе жатқанын атап өтті.
"Жыл басынан бері Алматыда электр самокаттарының қатысуымен 70 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 76 адам жарақат алды, қаза болғандар жоқ. Өткен жылдың осы кезеңінде 106 жол-көлік оқиғасы болған еді. Бұл азаматтардың жауапкершілігі арта түскенін көрсетеді деп санаймыз, – деді Салтанат Әзірбек.
Құқық бұзушылар қалай анықталып, жазаланады?
Атап айтқанда, бір самокатқа екі-үш адамның мінуі, жаяу жүргіншілер өткелінен түспей өтуі, тротуардағы жылдамдық режимін сақтамауы және кәмелетке толмағандардың самокат басқаруы жиі кездеседі.
Полицияның мәліметінше, шілде айынан бастап мұндай құқық бұзушылықтар үшін нақты шаралар қолданылады.
Полиция өкілінің айтуынша, егер ересек адам самокатты кәмелетке толмаған балаға пайдалануға берсе, онда кикшеринг компаниясы оның аккаунтын бұғаттауға міндетті болады. Осылайша, ол азаматтың сервисті қайта пайдалану мүмкіндігі шектеледі.
Сонымен қатар мұндай жағдайлар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) оқыту, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша қаралады. Бұл бапта ескерту жасау қарастырылмаған: құқық бұзушыға бірден 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 21 625 теңге айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 43 250 теңгеге дейін өседі.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілінің пікірінше, дәл осындай қатаң шаралар ғана жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, азаматтардың тәртібін күшейтуге мүмкіндік береді.
Оның айтуынша, сәуір айында басталған электр самокаттары маусымы басталғалы бері әкімшілік жауапкершілікке шамамен 210 ата-ана тартылған.
"Әсіресе оқу жылының соңғы күндерінде мұндай жағдайлар жиі кездесті. Тіпті кәмелетке толмағандардың самокат пайдаланбауын қадағалау үшін оқу орындарының маңына арнайы бекеттер қойдық", – деді Салтанат Әзірбек.
Жылдамдықты асыру мәселесі
Электр самокаттарының тротуардағы жылдамдығын бақылау да өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, полиция қызметкерлерінде мұндай көлік құралдарының жылдамдығын өлшейтін техникалық құралдар жоқ.
"Бұл жерде жауапкершілік кикшеринг компанияларының өздеріне жүктеледі. Олардың айтуынша, пайдаланушылардың жылдамдығын бақылауға және белгіленген шектен асқан жағдайда шара қолдануға мүмкіндік беретін техникалық жүйелері бар. Жақын арада кикшеринг компанияларымен кездесу өткіземіз. Олар бізге өздерінің дерекқорын көрсетіп, қай пайдаланушы самокатты балаға бергенін немесе тротуарда жылдамдықты асырғанын қалай анықтайтынын таныстырады. Компаниялар мұндай бұзушылықтарды техникалық тұрғыдан анықтап, аккаунттарды бұғаттай алатынын және қажет болған жағдайда ақпаратты полицияға ұсына алатынын мәлімдеп отыр", – деді Әзірбек.
Оның сөзінше, полиция мен самокаттарды жалға беру сервистерінің өзара іс-қимыл тәртібі әлі де пысықталуда. Дегенмен құқық қорғау органдары операторлардың техникалық мүмкіндіктері құқық бұзушылықтарды тиімді анықтауға көмектеседі деп күтеді.
Кикшеринг компанияларына қандай жауапкершілік жүктеледі?
Салтанат Әзірбектің айтуынша, қолданыстағы заңнамада кикшеринг компаниялары үшін арнайы жауапкершілік қарастырылмаған.
"Дегенмен біз олармен бірнеше рет кездесу өткіздік және негізгі мәселелер бойынша ортақ түсіністік қалыптастырдық. Кикшеринг компаниялары өз қызметтерінің тек қолжетімді ғана емес, қауіпсіз болғанына да мүдделі екеніне көз жеткіздік", – деді ол.
Айыппұлдар қашан салына бастайды?
Жаңа ережелер 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін алғашқы аптада полиция қызметкерлері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізеді.
"Одан кейін құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", – деп ескертті Салтанат Әзірбек.
Жаяу жүргіншілер қайда шағымдана алады?
Электр самокаттарына мемлекеттік нөмірге ұқсас тіркеу белгілері енгізілгеннен кейін ереже бұзушыларды жауапқа тарту әлдеқайда жеңілдейді. Қала тұрғындары да тротуарлардағы тәртіпті қамтамасыз етуге өз үлесін қоса алады.
"Егер құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз, мүмкіндік болса оны камераға түсіріп алған жөн. Ал егер ондай мүмкіндік болмаса, самокаттың нөмірін, оқиға уақытын және өзге де белгілерін есте сақтап қалу керек. Бұл мәліметтерді 102 нөмірі арқылы немесе e-policy.kz порталына өтініш жолдау арқылы хабарлауға болады", – деп түсіндірді Салтанат Әзірбек.
Сонымен қатар ол тұрғындарды құқық бұзушыларды өз бетінше ұстауға немесе олармен жанжалға түспеуге шақырды.
Электр самокатын пайдаланушылар үшін не өзгереді?
Жаңа ережелерге сәйкес электр самокаттарын жалға алуға мына тұлғаларға тыйым салынады:
- 18 жасқа толмаған азаматтарға;
- жүргізуші куәлігі жоқ адамдарға;
- көлік құралын басқару құқығынан айырылған тұлғаларға.
Енді пайдаланушы жолдың жүру бөлігін пайдалануды жоспарламаса да, жүргізуші куәлігінің болуы міндетті талапқа айналады.
Тротуармен жүруге шектеу қойылады
Өзгерістердің маңызды бөлігі самокаттардың тротуардағы қозғалысына қатысты.
Электр самокатымен енді тек:
- велосипед жолдарымен немесе велосипед жолағымен;
- олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен;
- жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Ерекше жағдай ретінде тек "ортақ қозғалыс аймағы" белгіленген жаяу жүргіншілер көшелері қарастырылған. Мұндай аумақтарда:
- қозғалыс жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс;
- жаяу жүргіншінің басымдығы сақталады.
- Кикшеринг компанияларының жауапкершілігі күшейеді.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде кикшеринг операторларының жауапкершілігі ерекше болады.
"Кикшеринг компанияларына ерекше жауапкершілік жүктеледі. Олар қауіпсіз инфрақұрылым мен арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыруы тиіс. Самокаттардың кез келген жерде шашылып жатуы тұрғындарға қолайсыздық туғызып қана қоймай, қауіпсіздік мәселесін де көтереді", – деді ол.
Сонымен қатар кикшеринг компаниялары:
- Техникалық жағдайды бақылауға міндетті болады. Компаниялар самокаттарға тұрақты техникалық қызмет көрсетіп, ақауы бар көліктерді дереу пайдаланудан шығаруы тиіс.
- Пайдаланушыларды тексеруі қажет. Самокатты жалға берер алдында клиенттің жеке басын және жүргізуші куәлігінің бар-жоғын растауы керек.
- Айыппұлдар мен жауапкершілік туралы ескертуі тиіс.
- Цифрлық бақылау жүйесін енгізуі қажет. Әрбір самокат жылдамдықты бақылауға, орналасқан орнын анықтауға, шектеулі аймақтарда автоматты түрде жылдамдықты төмендетуге және уәкілетті органдарға деректерді жіберуге мүмкіндік беретін технологиялармен жабдықталуы тиіс.
- Тұрақ тәртібін қадағалауы қажет. Самокаттардың жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіретін орындарда қалдырылуына жол бермеуі керек.
Міндетті сақтандыру рәсімдеуі тиіс. Әрбір самокатқа көлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисі рәсімделеді. Жолдың жүру бөлігіне шығуға сақтандыру мен тіркеу болған жағдайда ғана рұқсат беріледі. Жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда зардап шеккендердің емделу шығындары мен үшінші тұлғаларға келтірілген залалды сақтандыру компаниясы өтейді. Бұдан бөлек, жалға берілетін әрбір электр самокатына арнайы тіркеу нөмірі беріліп, ол көлік құралының корпусына орналастырылады.
Еске салайық, 2025 жылғы 1 маусымнан бастап Алматыда Қазақстан мен өңір үшін бірегей жоба Біріккен микромобильдік оператор іске қосылған. Бұл жоба қалалық мобильділік басқармасы мен полицияның қолдауымен, Jet, Yandex, Whoosh сияқты ірі шерингілік қызметтермен бірлесе жүзеге асырылды. Жоба қалада микромобильдерді қауіпсіз және реттелген түрде қолдануға, жол тәртібін жақсартуға және адамдарға дұрыс пайдалану мәдениетін үйретуге бағытталған.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді
Оқыңыз