Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда самокаттарға бақылау күшейіп, ереже бұзғандар айып тұрағына жіберіледі

самокаттар
Фото: freepik.com

Алматыда жол ережесін жиі бұзатын электросамокат жүргізушілеріне қатысты талап қатаңдатылады. Енді өрескел бұзушылықтар үшін самокаттар айып тұрағына қойылып, пайдаланушылар жауапқа тартылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы полиция департаментінде кикшеринг компанияларының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Жиында жол қауіпсіздігі, электросамокаттарды пайдалану тәртібін реттеу және пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, тротуармен жүру, жылдамдықты арттыру және самокаттарды ретсіз қою жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретіні айтылды.

Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Ғалым Сарғұлов мәселеге кешенді түрде қарау қажет екенін атап өтті. 

"Кикшеринг сервистері пайдаланушыларды бақылауды күшейтіп, жаңа технологияларды енгізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізуге тиіс", – деді Ғалым Сарғұлов.

Сондай-ақ арнайы тұрақ орындарын ұйымдастыру және самокаттарды бейберекет қоюға жол бермеу мәселесі қаралды. Қатысушылар көлік құралдарының техникалық жағдайы мен пайдаланушылардың ережелерді сақтауына да мән беру қажет екенін айтты.

Полиция өкілдерінің мәліметінше, өрескел құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда самокаттар мен басқа да жеке мобильді құралдар айып тұрағына қойылып, пайдаланушылар жауапқа тартылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастықты күшейтіп, жолдағы қауіпсіздік мәдениетін арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға келісті.

Еске салайық, 2025 жылғы 1 маусымнан бастап Алматыда Қазақстан мен өңір үшін бірегей жоба – Біріккен микромобильдік оператор іске қосылады. Бұл жоба қалалық мобильділік басқармасы мен полицияның қолдауымен, Jet, Yandex, Whoosh сияқты ірі шерингілік қызметтермен бірлесе жүзеге асырылды. Жоба қалада микромобильдерді қауіпсіз және реттелген түрде қолдануға, жол тәртібін жақсартуға және адамдарға дұрыс пайдалану мәдениетін үйретуге бағытталған.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 17:02