Алматыда модель қызды самокатпен қағып кеткен оқушылардың ата-анасына 43 мың теңге айыппұл салынды

Алматыдағы көшелердің бірінде қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткендердің жеке басы анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленуші Threads желісінде жазба жариялап, полиция өзін қағып кеткендерді тапқанын айтты. Оның айтуынша, кінәлілер 9-сынып оқушылары болып шыққан.
Мөлдір Серікқызының мәліметінше, жасөспірімдердің ата-анасына 43 мың теңге айыппұл салынған. Алайда ол осыдан кейін жасөспірімдер қалыпты өмірін жалғастырып кеткенін, ал өзі әлі күнге дейін еркін жүре алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ денсаулығында кінәрат пайда болып, өмірі, жұмысы мен болашақ жоспары тұралап қалғанын атап өтті.
“Оларға 43 мың теңге айыппұл салынды да, олар әрі қарай өз тіршілігін жалғастырып кете барды. Ал мен ше? Мен әлі күнге дейін дұрыс жүре алмаймын. Денсаулығымда мәселе бар. Өмірім де, жұмысым да, жоспарларым да тоқтап қалды. Сонда 43 мың теңге – менің денсаулығымның құны ма?” – деп жазды ол.
Жәбірленуші бұл оқиғаға тек балалар емес, қауіпті көлікке жеткілікті бақылаусыз қолжетімділік беріп отырған сервис те, жаяу жүргіншілер жолын қауіп аймағына айналдырған қала инфрақұрылымы да жауапты деп санайды.
“Бұл – қарапайым адамдар зардап шегетін тұтас жүйе. Бүгін бұл менің басымнан өтті. Ертең сіздің анаңыз, әпке-сіңліңіз немесе өзіңіз зардап шегуіңіз мүмкін”, – деп жазды ол.
Сонымен қатар ол өзіне өтемақы ұсынылғанын да айтты. Алайда оның сөзінше, бұл сома қазіргі шығындарын да, денсаулығына келген зардаптың салдарын да толық өтемейді.
“Оның үстіне, ол көпбалалы отбасыдан шыққан екен, ішінде мүгедектігі бар бала да бар екенін түсінемін. Яғни бұл олар үшін де үлкен қаржылық салмақ екенін білемін. Бірақ мәселе дәл осы тұста тереңдей түседі: неге мұндай жағдайда екі тарап та зардап шегеді, ал оған жол берген жүйе нақты жауапкершілікке тартылмайды?” – деп сауал қойды ол.
ОқыңызМән-жайы
Бірнеше күн бұрын Алматыдағы Төле би көшесінде самокатшы қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткенін жазған едік. Оқиға 14 сәуірде болған. Жәбірленуші өзін жоғары жылдамдықпен келе жатқан электрсамокат қағып кеткенін, соққының қатты болғаны сонша, бірнеше метрге ұшып түскенін айтты.
Ол сол кезде-ақ оқиға бойынша арыз жазылғанымен, іс алға жылжымай отыр деп шағымданған болатын.
Мөлдір Серікқызы қаладағы электрсамокат мәселесі әлі де шешілмегенін атап өтті.
“Ең қорқыныштысы – соққы емес, мені сол жерде тастап кеткені. Тіпті жануарды қағып кетсе де, тоқтап көмектесуге тырысады. Ал мұнда – адам. Бірақ адамгершілік нөл”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол қаладағы негізгі көшелерде самокаттарға арналған инфрақұрылымның жоқ екеніне назар аударды.
“Ең көп жүретін көшелердің бірі – Төле биде самокатпен жүретіндерге жағдай жасалмаған. Олар тротуармен жүреді, ал онда балалар, қарттар, жүкті әйелдер бар. Мұндай соққы біреуді өлімге әкеп соғуы да мүмкін”, – дейді ол.
"Әкеңіз сізге керек болмаған соң, қайтыс болды": Қазақстандықтар психологтардан қалай зардап шеккендерін айтты