Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді басымнан кім сипайды?" Журналист Аман Тасыған әжесінен айырылды

Аман Тасыған әжесімен
Фото: instagram.com/aman.tasygan

Танымал журналист Аман Тасығанның әжесі өмірден өтті. Ол қаралы хабарды әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісіп, өзін тәрбиелеп өсірген аяулы жанын еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистің айтуынша, әжесі былтыр ғана ортамызда аман-есен жүрген. Ол өзінің ел алдына шығып, журналист болуына әжесінен алған тәлім-тәрбие мен өнегенің ықпалы зор болғанын жеткізді.

“Бір жыл бұрын ортамызда тып-тыныш жүрген еді. Енді бұл сөйлемді өткен шақпен жазып отырмын. Себебі менің кемеңгерім, ақылшым, текті апам бүгін жанымызда жоқ. Журналист болып, ел алдына шығуыма осы асыл жанның тәрбиесі себеп болды”, – деп жазды Аман Тасыған.

Ол қайғысына ортақтасып, көңіл айтып жатқан жақындарына алғысын білдірген. Алайда әжесінің 90 жасқа келіп, балаларының алдында дүниеден өткенін жұбаныш санауға тырысқанымен, жүрегіндегі өкініш пен сағыныштың басылмай тұрғанын жасырмады.

Журналист әжесінің орындалмаған арманы болмауы мүмкін екенін, бірақ өзінің оған қатысты әлі талай арманы болғанын айтты.

“Ажал айтып келмейді. Ал айтып келсе, не істер едік? Көңілде сұрақ көп, жауабы жоқ. Апау, жатқан жеріңіз жайлы болсын. Алла өз қамқорлығына алсын. Осы сөздерді жылап отырып жазып отырмын. Мен сізді қимаймын. Енді менің басымнан кім сипайды? Енді кімге еркелеймін, апа?” – деп жазды ол.

Аман Тасыған әжесімен
Фото: instagram.com/aman.tasygan
Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 17:43