Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

SCAT рейсінде жанжал: Астанада отадан шыққан әйелдер билеттері жүйеден жоғалып үйіне қайта алмай қалған

отадан шыққан әйелдерді ұшаққа мінгізбей қалдырып кеткен
Фото: pixabay.com

Астанада отадан кейін жедел-жәрдеммен үйіне ұшпақ болған екі жолаушыны SCAT рейсі қалдырып кеткен. Әйелдердің тіркеуден өткен, сатып алған орны кенеттен жүйеден жоғалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйелдер 12 мамырға жоспарланған Астана – Атырау рейсінің билеттерін алдын ала Freedom Travel арқылы сатып алған. Екеуі де Астанадағы онкологиялық орталықта ем алып, аяқтарына операция жасатқандықтан, ыңғайлы орындар үшін бөлек ақы төлеген. Олар балдақпен жүргендіктен, ұзақ жүру физикалық тұрғыдан қиын болған.

Туыстарының айтуынша, таңертең жолаушыларды әуежайға жедел жәрдеммен жеткізген. Алайда тіркеу кезінде олардың ұшақтағы орындары жоқ екені белгілі болған. Билеттері төленген, бронь расталған, тіпті онлайн тіркеуден де өтіп қойған.

Рейске салондағы орын санынан артық билет сатылды ма деген сұраққа әлі компаниялар жауап берген жоқ. SCAT та, Freedom Travel да овербукинг болғанын ресми түрде мәлімдемеген.

Ал әуе компаниясы жолаушыларды мәселені Freedom Travel-ға айтып шешуге жіберген. Ол жақта, туыстарының сөзінше, бастапқыда мәселе өздерінен емес екенін айтқан.

Нәтижесінде әйелдер кешке дейін әуежайда балдақпен, чемодандарымен және тиісті көмексіз отырған. Туыстары олардың жүктерін өздері тасуға мәжбүр болған.

Жағдай Threads желісінде тарап, ондаған мың қаралым жинағаннан кейін ғана қозғала бастаған.

Қоғамдық резонанстан соң Freedom Travel ресми түсініктеме берді. Компанияның айтуынша, бұған "броньдау жүйесіндегі техникалық ақау" себеп болған. Соның салдарынан орындар автоматты түрде жойылып кеткен. Сондай-ақ сервис ақшаның қайтарылғанын хабарлады. Билеттер мен рейсті өзгерту үшін 155 430 теңге, онлайн тіркеу үшін 2 549 теңге және орын таңдауға тағы 4 000 теңге қайтарылған.

Алайда бұл оқиғада адамдарды ең қатты ренжіткені техникалық ақаудың өзі емес, адамгершілік қарым-қатынас. Себебі мәселені әлеуметтік желіде шу шыққаннан кейін ғана қарай бастаған.

Stan.kz
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 09:48