Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы 15 жыл бұрынғы жойқын дауыл: 70 мың ағаштың құрып кетуі қандай қауіпке әкелді

Фото: titus.kz

2011 жылы Алматы қаласында болған жойқын дауыл қала тарихындағы соңғы 200 жылда тіркелмеген ең күшті табиғи апаттардың бірі ретінде есте қалды. Қатты жел мен ірі бұршақтың салдарынан қала мен тау бөктерінде шамамен 70 мыңнан астам ағаш құлап, инфрақұрылымға елеулі зиян келді. Табиғи апат тек экожүйеге ғана емес, адам өміріне де әсер етіп, 24 жастағы жігіттің қаза болуына себеп болды. Араға 15 жыл салып, маңызды сұрақ пайда болуда. Сол кездегі экологиялық шығын толық өтелді ме және мұндай табиғи апаттардың қайталану қаупі қаншалықты жоғары? Stan.kz тілшісі осы мәселені зерттеп, эколог мамандардың пікірін білді.

“Дауыл алдында ауа райы +29 +31 °C-қа дейін ысыған”

2011 жылдың 17 мамырында Алматы қаласы мен оған жақын орналасқан Іле Алатауы шатқалдарында жойқын дауыл болды. Табиғи апат кешкі уақытта, ауа райы күрт өзгерген кезде тіркелген. Сол күні күндіз ауа температурасы +29 +31°C ыстық болған. Алайда кейін солтүстіктен суық ауа массасы келіп, соның әсерінен найзағайлы фронт қалыптасқан. Ал кешкі 19:40 шамасында қалада қатты найзағай, жел және ірі бұршақ жауа бастаған. Кей жерлерде желдің жылдамдығы 11–26 м/с-қа дейін жеткен. Куәгерлер кейін тау жақтан, әсіресе Медеу маңында құйынды байқалған.

Жойқын дауыл кейін аймақты басып, ауыр салдар әкелді. Қалада және тауға жақын аумақтарда шамамен 70 мыңға жуық ағаш құлады. Соның ішінде Медеу шатқалы мен Алматы–Шымбұлақ тас жолында мыңдаған ағаш жолдарды жауып тастаған. Одан бөлек жел бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкетіп, жеке үйлер мен Алатау санаторийі ғимаратына зақым келді. Құлаған ағаштар көліктерді басып қалған жағдайлар да тіркелді.

Фото: titus.kz

Қатты жел мен нөсер жаңбыр әсерінен қаланың төменгі бөліктерін су басты. Шамамен 20-ға жуық үй мен аула су астында қалды. Сонымен қатар 12 электр қосалқы станциясы істен шығып, қалада жарық, бағдаршамдар мен қоғамдық көлік жүйесінде ақаулар пайда болды. Ағаштар ішінде жолаушылары бар көліктердің үстіне де құлаған жағдайлар болды.

Сол күні жойқын дуылдан кейін диаметрі шамамен 2 сантиметр бұршақ жауған. Ол да өзімен бірге зардап әкелді. Жамбыл ауданы мектептерінің бірінде бұршақ терезелерді сындырған. Ал қатты желдің салдарынан Қарасай ауданы аумағындағы Алғабас ауылындағы орта мектептің шатыры ішінара ұшып кеткен. Сондай-ақ Шамалған станциясында ағаштар үйлердің үстіне құлаған.  

“Ағаш тамырымен қопарылып құлады: Көлік ішінде 1 адам қаза болды”

Сол күні 14 автокөліктің үстіне ағаш бұтақтары мен шатырлардан ұшып түскен темір бөлшектер құлаған. Төрт тұрғын медициналық көмекке жүгінген. олардың үшеуі ауруханада түнеуге мәжбүр болған.

“Шықсам, ағаш тура көліктің үстіне құлапты. Бір көлік қаттырақ зақымданды, себебі жүргізушіні басып қалған. Ол сол кезде лимонад таратып жүрген еді. Домкрат болмады, шамамен бір сағаттай қысылып тұрды. Барлығы жүгіріп, көмектесіп жатты, абыр-сабыр болдық”, – деді куәгер Мұрат Мұхамметқалиев.

Сол кезде ең қатты зардап Медеу шатқалы аумағында тіркелген.

“Жарық та жоқ, телефон да істемей қалды. Мынау біздің гараж, монша, тауық қора. Бүкіл шатыр ұшып кетті, ағаш тамырымен қопарылып құлады”, – деді Алматы тұрғыны Людмила Огай.

Жойқын дауыл салдарынан 24 жастағы жігіт қаза тапты.  Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жігіт құлаған ағаштың астында қалып қаза тапқан. Тағы бір қыз жарақат алып шок жағдайында көмек көрсетілген.

Ең күрделі жағдай Алматы – Медеу тасжолы бойында шамамен бір шақырым жол құлаған ағаштардан толық жабылып қалған. Оқиға орнында шамамен 300 адам құтқарушылар, өрт сөндірушілер және медицина қызметкерлері жұмыс істеген. Осылайша мамандар жолды тазалаған.

Жойқын дауыл қайталана ма?Фото: Желі кадрларынан скрин

“Бұл табиғи апат соңғы 100–200 жылда тіркелмеген”

Мамандардың айтуынша, Медеу мен оған жақын шатқалдарда мұндай күшті дауыл соңғы 100–200 жылда тіркелмеген.

“Құлаған ағаштардың басым бөлігі — сау, қалыпты ағаштар. Көп жағдайда ағаштар тамырымен бірге құлаған. Яғни бұл — ерекше табиғи құбылыс”, – деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Алтай Рахимбетов.

Ал эколог Мэлс Елеусізов Алматы қаласындағы дауылдың салдарын экологиялық апат деп атады.

"Алматыда мұндай дауыл бұрын-соңды болмаған. Құлаған шыршалардың арасында жүз жылдықтары да бар. Олардың ішінде жас ағаштар да кездеседі. Мен бұл салдарды экологиялық апат деп атар едім. Өйткені шыршалар Алматыны ауаның ластануы мен түтіннен тазартып тұрған. Ал түтіннің көбеюі мұздықтардың еруі мен температураның көтерілуіне әкеледі", – деді маман.

Эколог сол кезде ағаштардың орнын қайта толтыру керек екенін айтып дабыл қаққан. 

Бұл апаттан болған жалпы шығын көлемі шамамен 170 миллион теңгеге бағаланды. Қалпына келтіру жұмыстарына 10 мыңнан астам адам жұмылдырылып, жолдарды тазалау, электр желілерін жөндеу және ағаштарды шығару жұмыстары жүргізілген. Келесі күні қала билігі бұл жағдайға қатысты синоптиктерді сынға алып, мұндай күшті дауыл туралы алдын ала ескерту болмағанын мәлімдеді.

“Жойылған ағаштардың орны жеткілікті толықтырылмады”

Эколог Азамат Әміртай ағаштар ауаны зиянды заттарды тазатудан бөлек, жаңбыр шақырып, жерді құнарландыратын қасиетке ие екенін еске салды. Алайда бүгінде Алматыда 15 жыл бұрын болған табиғи апаттың зардабы жеткілікті түрде толықтырылмаған. 

“2011 жылғы Алматы қаласындағы жойқын дауыл қала экожүйесіне айтарлықтай соққы болды. Сол кезде мыңдаған ағаш құлап, қаланың жасыл қоры едәуір азайған еді. Бұл жағдай тек сыртқы көрініске ғана әсер етіп қойған жоқ. Сонымен бірге қаланың микроклиматына, ауа сапасына, көлеңке мен ылғал тепе-теңдігіне де тікелей ықпал етті. Қазіргі таңда ең басты сұрақ – сол шығынның орнын толтыра алдық па деген мәселе. Қысқаша айтқанда, толық емес.

Фото: titus.kz

Негізгі мәселе тек ағаш санында емес, экожүйенің сапасында жатыр. Соңғы жылдары Алматы қаласында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа ағаштар отырғызылды. Дегенмен жас көшеттер үлкен, жетілген ағаштардың экологиялық қызметін бірден атқара алмайды. Өйткені бір жетілген ағаш жыл сайын көмірқышқыл газын сіңіреді, ауаны тазартады, көлеңке береді, ылғал сақтайды және шаңды ұстап тұрады. Ал жас көшет бұл функцияларды тек бірнеше жылдан кейін ғана толық атқара бастайды”, – деді маман.

Эколог осы тұста ағаштардың күтімі мен саны мүлде бақыланбай жатқанын да сынға алды.

“Кейбір отырғызылған ағаштар жергілікті климатқа толық бейімделмеген. Ал суару мен күтім жүйесі әрдайым тұрақты емес. Кей жағдайда отырғызу жұмыстары тек есеп үшін жасалатын жағдайлар да кездеседі. Тағы бір маңызды түйткіл – жүйелі тәсілдің жетіспеуі. Қалада жасыл желектің нақты балансы толық есептелмейді. Қанша ағаш кесілді, қаншасы отырғызылды және олардың қаншасы өсіп кетті деген мәліметтер ашық әрі нақты түрде жүргізілмейді”, – деп қосты ол. 

Азамат Әміртай 2011 жылғы апаттағы залалды есептемегенде Алматыда жыл сайын ағаш саны үй салу үшін кесіліп, азайып жатқанын алға тартты. 

“90-жылдары Алматы кәдімгі орманның ортасындағы жасыл қала болатын. Алайда қазір үй салу үшін көптеген ағаштар жойылды. Бұл қазіргі қаладағы экологиялық мәселеге де әсер етіп отыр. Қала онсыз да таулы аймақта орналасқандықтан сел сияқты табиғи апаттар болып тұрады. Бұрын сол үшін қалада үлкен арықтар көп еді. Қазір ол да азайған. Сол үшін қауіпсіздік мәселесі алдын ала қаралып тұруы керек.  

Фото: titus.kz

2011 жылғы жойқын дауыл секілді апаттар 10-15 жыл сайын қайталанып болып тұрады. Мұндай дауылдар көбіне климаттың өзгеруіне байланысты пайда болады. Ауа массалары алмасқанда үлкен дауыл келеді. Сол үшін жауапты органдар әркез дайын болып, болжам жасап отырғаны жөн. Мысалы мұндай дауылдар күн сайын болатын елдер бар. Бірақ ол елдерде халық үйреншікті қауіпсіз өмір сүріп жатыр. Себебі барлық қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілген. Бізге де табиғи апаттарға дайын болуды үйрену керек”, – деп қорытты маман. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 09:30