Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бағаның 20% өсетінін естігіңіз келеді, бірақ олай айтпаймын": Сауда министрі азық-түлік құнына қатысты пікір білдірді

министр
Фото: gov.kz

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев электр энергиясы мен жанармай бағасының өсуі азық-түлік құнына қалай әсер ететінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министр сауалға нақты мысалдар келтіріп жауап берді. 

“Мысалы, сүт өнімдерін алайық. Оның өзіндік құнының 80%-ы – шикізаттың бағасы. Нан-тоқаш өнімдерінде өзіндік құнның 65%-ын ұн құрайды. Ал сиыр етінің өзіндік құнында жем-шөп шығындарының үлесі 80%-а дейін жетеді. Электр энергиясының әсері жоқ деп айта алмаймын, әрине, бұл да факторлардың бірі. Бірақ оның бағасындағы өзгерістер шешуші рөл атқармайды. Негізгі әсер ететін нәрсе шикізат пен өндірушінің шығындары. Оның ішінде жалақы және басқа да шығыстар”, – деді министр.

Журналистер министрден жанармай бағасының қымбаттауы азық-түлік бағасына қаншалықты әсер ететінін және ведомство бұл өсімді есептеді ме деп сұрады.

“Бізден баға 20% өседі дегенді естігілеріңіз келе ме? Соны күтесіздер ме? Мен ондайды ешқашан айтпаймын. Ешкім бағаның нақты қаншаға өсетінін алдын ала жоспарламайды. Қайталап айтайын, өнімнің өзіндік құнын есептеген кезде өндіруші нарықтағы бәсекелестік жағдайына қарай өзінің табыс мөлшерін белгілейді. Біз олардың табыс көлемін шектемейміз. Сондықтан бағаны мемлекеттік реттеу жоқ”, – деді Арман Шаққалиев.

Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов ірі көтерме базарлардағы азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына делдалдардың ықпалы барын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, базарларда көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да тауарлардың бағасын қолдан көтеретін ұйымдасқан топтар әрекет етеді. Осыған байланысты үкімет басшысы құзырлы органдарға олардың заңсыз қызметін тексеріп, бағаны тұрақтандыру шараларын күшейтуді тапсырды.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2026 11:58