АҚШ пен Иран меморандумға Швейцариядағы курортта қол қояды

Швейцария сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Иран арасындағы әскери қимылдарды толық тоқтатуды көздейтін шекті келісімге Альпідегі Бюргеншток курортында қол қойылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dw.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, кездесу өтетін орын ретінде Бюргеншток курортын Пәкістан мен Қатар делдалдары, сондай-ақ АҚШ пен Иран өкілдері ұсынған. Қонақүйдің оқшау орналасуы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге қолайлы.
Сонымен қатар AFP агенттігі АҚШ пен Иран арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға цифрлық форматта қол қойылып қойғанын хабарлады.
Ал Германияның сыртқы істер министрі Иоганн Вадефуль Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, қол жеткізілген құжат оң қадам болғанымен, Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу мәселесі бойынша талқылаулар әлі де жалғасады.
Министр Вашингтон мен Тегеранның енді келіссөздерді Пәкістан мен Қатар арқылы емес, тікелей жүргізетінін маңызды жетістік деп бағалады. Құжаттың нақты мазмұны әзірге толық жарияланбағанымен, ол саяси реттеу мүмкіндігіне сақтықпен оптимизм білдірді.
Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп келісімде Иранның ядролық қару жасауына толық тыйым салынатыны нақты көрсетілгенін мәлімдеді. G7 саммиті кезінде сөйлеген ол құжатты АҚШ Конгресінің қарауына ұсынуға ниетті екенін айтты.
14 маусымда АҚШ пен Иран бірнеше аптаға созылған келіссөздерден кейін соғысты тоқтатуға бағытталған шекті келісімге келген. Құжатта бітімді ұзарту, Ормуз бұғазын ашу және Иранның ядролық бағдарламасына қатысты қосымша келіссөздерді жалғастыру қарастырылған. Алайда келісімнің толық мазмұны әзірге жарияланған жоқ.
Германия, Франция, Ұлыбритания және Италия Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру бастамасын қолдауға дайын екенін білдірді. Еуропалық елдер мен Парсы шығанағы мемлекеттерінің өкілдері жақын күндері қосымша кездесулер өткізуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеранның соғысты тоқтату туралы келісімге келгенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, тараптар құжаттың соңғы тармақтарын келісіп, қол қою рәсіміне дайындық жүргізіп жатқан. Келісім аясында Иран ядролық қару жасамауға міндеттеме алып, Ормуз бұғазын ашуы мүмкін екені айтылған. Алайда Иран сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемелерді алыпқашпа сөз деп бағалап, келісімнің уақыты мен орны жөнінде түпкілікті шешім қабылданбағанын хабарлаған.
Оқыңыз