Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Qarmet ИННОПРОМ-2026 көрмесінде цифрлық шешімдерін таныстырды

Кармет (4)

Qarmet компаниясы 6-9 шілде аралығында Екатеринбург қаласында өтіп жатқан ИННОПРОМ-2026 халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ірі өнеркәсіптік алаңдардың бірі саналатын көрме 50-ден астам мемлекет өкілдерінің басын қосты. Ұлттық экспозицияларын Қазақстан, Индонезия, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан таныстырды.

Кармет (5)

Көрмені Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшылары – Михаил Мишустин, Олжас Бектенов, Никол Пашинян, Александр Турчин және Адылбек Қасымалиев аралады.

Кармет (6)

Іскерлік бағдарламаға сондай-ақ Индонезия, Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам және өзге де мемлекеттердің үкімет өкілдері қатысты.

Қазақстандық делегация құрамында Qarmet өндірістегі қауіпсіздік пен тиімділікті арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерін таныстырды. Олардың қатарында компанияның барлық көмір шахталарында енгізілген позициялау жүйесі, сондай-ақ бейнетелематика жүйесі бар.

"Биылғы көрмеде біз нақты уақыт режимінде жерасты кен қазбаларындағы жұмысшылардың орналасқан орнын анықтауға, газдану деңгейі мен өндірістік процестерді бақылауға мүмкіндік беретін позициялау жүйесін таныстырдық. Төтенше жағдайлар туындаған кезде бұл технология қызметкерлердің нақты орналасқан жерін жедел анықтауға, олармен байланыс орнатуға және авариялық-құтқару бөлімшелерінің іс-қимылын үйлестіруге көмектеседі. Көмір өндірісін цифрландыру саласындағы тәжірибемізді халықаралық алаңда таныстырып, жетекші өнеркәсіптік компаниялармен озық тәжірибе алмасуға қуаныштымыз. Qarmet үшін заманауи технологияларды енгізу – ең алдымен қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыру, өндіріс тиімділігін күшейту, технологиялық процестер мен еңбек жағдайларының сенімділігін қамтамасыз ету", – деді Qarmet компаниясының тұрақты даму және стратегиялық коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры Ербол Исмаилов.

Кармет (7)

Qarmet үшін ИННОПРОМ-2026 көрмесіне қатысу тау-кен өндірісін цифрландырудағы практикалық тәжірибесін таныстыруға және халықаралық өнеркәсіптік алаңда компанияның технологиялық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 12:23