"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті

"Том Хардиге ұқсаймын ба?" деген бір жазба қостанайлық сатушы Телжан Ахметовтің өмірін әп-сәтте өзгертті. Әзіл ретінде жарияланған посты небәрі бірнеше күнде 6 миллионға жуық қаралым жинап, әлеуметтік желіні шулатты. Кеше ғана супермаркетте сатушы болып жүрген азамат бүгінде көшеде жанкүйерлерімен суретке түсіп, жарнамалық ұсыныстар қабылдап жүр. Бір ғана жазба оның өмірін қалай өзгертті? Stan.kz тілшісі Телжан Ахметпен сөйлесіп, оқиғаның қалай басталғанын білді.
36 жастағы Телжан Ахметов Қостанай қаласының тумасы. Лицейде аспаз мамандығын тәмамдаған.
“Қазір супермаркетте сатушы болып жұмыс істеймін. Отбасымда ата-анам, қарындасым бар. Ал былайша өзім отау құрмағанмын, бойдақпын. Ата-анамнан бөлек тұрамын. Негізі 15 жылдан бері қазақша, орысша өлеңдер жазамын, поэзияға шығармашылыққа жақынмын. Ал желіні бұрыннан қолданамын”, – деді ол.
Телжан бұл жазбаны жарияларда бұлай тарап кетеді деп мүлде ойламаған екен.
“Сол күні жұмыстан шаршап келгенмін. Неге екенін білмеймін сол күні энергетикалық сусын ішкеннен кейін бе түнгі 3-ке дейін ұйқым келмей, желіге кіріп жаттым. Сөйтіп алдымнан бір қыздың өз суреті мен актрисаның суретін салып, “Анджелина Джолиге ұқсаймын ба” деген посты шықты. Ал негізінде ол мүлде Анджелина Джолиге ұқсамайды. Түрі Джесика Альбаға көбірек келеді. Сол постты көріп қаралымы да жақсы екен деп ойладым. Солай өзіме де істеп көргім келді. Бұрын жұмыс істеген жерімде түскен үш жыл бұрынғы фотом бар еді. Ол кезде сәл толықтау болғанмын. Шаш үлгім де сәл Том Хардиге келетін. Сол суретімді таңдадым. Кейін солай Том Хардидің де менің жасымдағы кезін таптым. Солай екі суретті алып, “Том Хардиге ұқсап тұрмын ба?” деп жазып, желіге салып жібердім”, – деп қосты ол.
“Жарнама, Алматыға жол мен көшедегі танымалдық: Бұлай болатынына сене алмадым”
Қарапайым сатушы пост тарап желі жұлдызына айналғанын келесі күні ұйқысынан оянған соң бірақ білген.
“Бұл пост танылып, тарап кетеді деп мүлде ойламадым. Басында шынымен адамдардың лүпіл қойып жатқанын байқадым. Бірақ максимум 200 лүпіл мен мыңға жуық қаралым болар деп ойлаған едім. Солай ұйықтап қалдым. Таңмен тұрып қарасам 1 миллион қаралым жинаған екен. Жұмыста жүріп әлі сене алмадым. Жанымдағыларға көрсетсем олар да сенбейді. Кейін постым тарап, адамдар түрлі қызық пікірлер жаза бастады. Ішінде Том Хардимен салыстыра айтқан түрлі әзілдер де болды. Соларды оқып бір күліп алғаным бар”, – қосты ол.
Осы бір посттан соң Телжанға жан-жақтан түрлі ұсыныстар түсе бастаған. Әсіресе, қазақстандық “Шоқан” брендінен келген ұсыныс оған ерекше әсер қалдырған.
“Кәсіпкер Ұлықбек Шәріповтың өзі мені Алматыға шақырды. Жолымды, тұратын орнымды барлығын төлеп, жағдайымды жасап алдырды. Бұған дейін ұшаққа отырып көрмеген едім. Билетімді алып берді. Сосын сол брендтен жейде, аяқкиім, костюм – барлығын беріп, толық киіндірді. Кейін осыған ұқсас киім брендтері, шаштараздар, сусындардың жарнамаларына түсуге шақырту алдым. Олар маған қаражат та төледі. Шынымды айтсам, желідегі сол постым өмірімді 180 градусқа өзгертті. Осы посттан соң сыртқа шыққанымда мені танитындар көбейді. Тіпті көшеде фотоға түсуге рұқсат сұрайды. Көбіне жастар танып жатады. Көбі “Том Хардисыз ба?” деп сұрайды”, – деп баяндады ол.
Телжан енді шынымен Том Хардимен кездесуді армандайтынын алға тартты.
“Танымалдығым әрине, жақсы әсер етіп жатыр. Осылай болғанына өте қуаныштымын. Алла қаласа бұдан да үлкен жетістіктерге жеткім келеді. Барымды саламын. Бұлай болады деп күтпедім. Құдайдың бұйырғаны. Өзіңе сенсең, армандасаң бәрі орындалады екен. Әрине бұрын “бір күні танымал болсам ғой” деген арман болған. Алайда бұл арманым өмірде шынымен тез орындалып кетеді деп ойламаппын. Шын қаласаң бәрі болады екен. Арман деген көп қой, Том Хардимен кездесуді де армандаймын. Бірге киноға түсіп дегендей. Танымал блогер, актер, кәсіпкер болғым келеді. Отбасын құрып, шаңырақ көтергім келеді. Бала-шағамның болғанын қалаймын. Қарындасымды да өсіріп жетілдіріп, құтты ұясына қондырғым келеді. Ата-анамның бақытты болғанын қалаймын”, – деп қорытты ол.
"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті
6 миллион қаралымнан кейін Телжанға көптеген компаниялардан ұсыныстар түскен
Алматыда шетелден келетін туристер саны азайып кеткен: Әкімдік мұны 4-5 жұлдызды қонақүйлердің аздығымен байланыстырып отыр
Алматының барлық сегіз ауданында туристерді қызықтыратын нысандар болуы керек дейді сарапшылар