Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Ирандағы азалы күнге қарамастан әуе соққысын жасады

АҚШ Иран соққы
Фото: CENTCOM

АҚШ Ормуз бұғазында коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдарға жауап ретінде Иран аумағына бірқатар әуе соққысын жасады. Осылайша екі ел арасындағы келісім бұзылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі АҚШ-тың Орталық қолбасшылығына сілтеме жасап хабарлайды. 

Америкалық ведомство соққының нақты қай нысандарға жасалғанын атамады. 

“АҚШ Орталық қолбасшылығы халықаралық су жолымен өтіп бара жатқан азаматтық басқарудағы коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдарға жауап ретінде Иран аумағына бірқатар қуатты соққы жасай бастады. Бұл соққылар Ормуз бұғазы арқылы өткен үш коммерциялық кемеге Иран жасаған шабуылдарға жауап болды. Иранның бұл әрекеті еш негізсіз, қауіпті болды және бітімгершілік келісімін өрескел бұзды", – делінген CENTCOM хабарламасында.

Иранның Tasnim ақпарат агенттігі елдің оңтүстігінде бірнеше жарылыс болғанын хабарлады. Ирандық БАҚ АҚШ-ты бітімгершілік келісімін бұзды деп айыптады. Сондай-ақ Израильдің Ливанның оңтүстігіне әуеден соққы жасағаны туралы ақпарат тарады.

Кейінірек Axios басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап, АҚШ-тың Иранның әуе қорғанысы жүйелері, жағалауды бақылау кешендері, зениттік-зымыран кешендері, кемеге қарсы қанатты зымырандардың позициялары, ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұшыру алаңдары және порт инфрақұрылымын нысанаға алғанын хабарлады.

Жаңа шиеленіс Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған шабуылдардан кейін басталды. 7 шілде күні онда үш танкерге шабуыл жасалды. Олардың арасында Катардың газ тасымалдаушы кемесі де болған. Катар билігінің мәліметінше, оған Иранның ұшқышсыз ұшу аппараты соққы жасаған.

Сонымен қатар Оман жағалауында Сауд Арабиясының туымен жүзіп жүрген шикі мұнай тасымалдайтын танкер де зақымданды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл Wedyan супертанкері болуы мүмкін. Зақымның нақты себебі әзірге белгісіз. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, Иран үш сауда кемесіне оқ атқан. Бұл туралы аты-жөні жарияланбаған америкалық шенеунік Reuters агенттігіне мәлімдеді.

Алайда Иран бұл шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ. Елдің Сыртқы істер министрлігі Тегеран өз міндеттемелерін адал орындап отырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ведомство Иранмен келісілмеген бағыттарды пайдаланған коммерциялық кемелердің қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін екенін ескертті.

Бұл АҚШ әскерінің 26 маусымнан бері Иран нысандарына жасаған алғашқы соққылары болды. Сол кезде де америкалық шенеуніктер бұл әрекетті екі ел арасындағы атысты тоқтату туралы келісімді бұза отырып, "коммерциялық кеме қатынасына қарсы жасалған негізсіз агрессияға" жауап деп түсіндірген еді.

Ормуз бұғазындағы кемелерге жасалған шабуылдарға жауап ретінде АҚШ Иран мұнайын сатуға рұқсат берген лицензияның күшін де жойды. Барлық мәмілелер 17 шілдеге дейін аяқталуы тиіс.

Еске салайық, 4 шілде күні Иран астанасы Тегеранда елдің бұрынғы Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменейді ақтық сапарға шығарып салуға арналған жаназа намазы өтті. Көшбасшымен қоштасу рәсімі 9 шілдеге дейін жалғасады. 

Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы осы күндері елге қандай да бір соққы жасау әрекеттерінен сақ болуға шақырды. Ал АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ Иранға жерлеу рәсімдері аяқталғанға дейін "бір апталық тыныштық" беретінін мәлімдеді.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 08:09