Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрі-дәрмек өндірісіндегі жаңа серпін: Polpharma тобы Қазақстанға 60 млн еуро инвестиция салады

Санто

Қазақстанда өндірілетін дәрі-дәрмек көлемі алдағы жылдары айтарлықтай артуы мүмкін. Халықаралық Polpharma тобы еліміздегі өндірісті кеңейтуге 60 млн еуро инвестиция салып, жаңа дәрілік препараттарды шығаруды және өндірісті одан әрі жергіліктендіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Polpharma өкілдері Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысынан кейін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Іс-шарада Polpharma тобының Бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старактың Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – "Достық" орденімен марапатталғаны ресми хабарланды. Мемлекеттік награданы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстап, компанияның отандық фармацевтика саласын дамытуға, денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және халықтың заманауи дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттыруға қосқан көпжылдық үлесін жоғары бағалаған.

"Достық” ордені – менің кәсіби өмірімдегі ең үлкен марапаттардың бірі. Мен оны науқастардың игілігі үшін күнделікті жұмыс істейтін Pholarma компаниялар тобы еңбегінің мойындалуы деп білемін. Қазақстанға 15 жыл бойы инвестиция сала отырып, мен біз көмектесетін адамдардың өмірі мен денсаулығына деген жауапкершілікті сезінемін", – деді Ежи Старак.

Шымкенттегі зауыт жаңа даму кезеңіне қадам басты

Polpharma Santo – Шымкент қаласында орналасқан Қазақстандағы ең ірі фармацевтикалық өндіріс орындарының бірі. Кәсіпорын елдің дәрі-дәрмекке деген ішкі сұранысын қамтамасыз етіп, өнімдерін Орталық Азия, Кавказ және басқа да шетел нарықтарына экспорттайды. Бүгінде зауыт өңірдегі фармацевтика саласының дамуына серпін беретін стратегиялық өндірістік орталықтардың біріне айналған.

Кәсіпорынның тарихы 1882 жылдан бастау алады, ал 2011 жылдан бері ол халықаралық Polpharma тобының құрамына кіреді. Осы уақыт ішінде зауытты жаңғыртуға 130 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салынды.

Кейінгі 15 жылда кәсіпорында ампула мен инфузиялық ерітінділер, антибиотик ұнтақтары және қатты дәрілік түрлер өндірісі толық жаңғыртылды. Цифрлық инженерлік білім беру орталығы, сондай-ақ Инновациялар және сапа орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда өндіріс толықтай халықаралық GMP және GDP стандарттарына сәйкес келеді. Ал 2025 жылдан бастап Polpharma Santo Орталық Азияда алғаш болып Еуропалық одақтың GMP сертификатын иеленіп, Еуропа нарығына экспорттау мүмкіндігіне қол жеткізді.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жыл сайын 1,5 млрд таблетка мен капсула, 200 млн ампула, 60 млн антибиотик құтысы және 7 млн стерильді емес ерітінді құтысын өндіреді. Қазақстанда қолданылатын әрбір бесінші дәрілік қаптама дәл осы Шымкенттегі зауытта шығарылады.

Компания дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Ежи Старактың айтуынша, алдағы 10 жылда Polpharma шығаратын өнім түрлерін едәуір кеңейтіп, жаңа дәрілік препараттарды өндіруді қолға алады.

"Біз жаңа жобаны жүзеге асыру үшін 60 миллион еуро шамасында инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Қаражат өндіріс қуатын кеңейтуге, жаңа технологиялар енгізуге және өндірісті жергіліктендіруге жұмсалады. Өнімдердің жаңа легі 2030-2031 жылдары іске қосылады", – деді ол.

Оның айтуынша, өндірісті жергіліктендіру тек компания үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де маңызды.

"Егер өнім Қазақстанда өндірілсе, оның қосылған құнының басым бөлігі ел экономикасында қалып, жалпы ішкі өнімнің және ұлттық өндірістің өсуіне үлес қосады. Оның үстіне жергілікті өндіріс түрлі дағдарыс жағдайлары немесе күтпеген оқиғалар кезінде мызғымай тұрады" – дейді инвестор.

Сонымен қатар ол мемлекеттік органдармен әріптестік орнатудың маңызына тоқталды.

"Біз жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыс істейміз. Егер қандай да бір мәселе туындаса, оларды ашық диалог арқылы бірлесіп шешеміз. Мұндай тәсіл өте тиімді екені дәлелденген және дәл қазір дамуымызға кедергі болатындай қиындықтарды көріп отырған жоқпыз" – деп атап өтті.

Polpharma жасанды интеллектке басымдық береді

Баспасөз мәслихатында талқыланған негізгі тақырыптардың бірі фармацевтика саласының цифрлық трансформациясы болды. Polpharma тобының трансформация және диджитализация сұрақтары бойынша басшысы Фабрицио Франчезио компанияның жасанды интеллектке негізделген шешімдерді белсенді түрде енгізіп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, бүгінде қызметкерлер деректерді дұрыс жолмен пайдалануды үйренген. 

Santo4
"Қызметкерлер күрделі деректерді ұзақ уақыт талдаудың орнына жүйеге өз сұрағын қояды, ал жасанды интеллект қажетті жауапты ұсынады. Бұл ақпаратты талдау тәсілін, деректермен жұмыс істеу мәдениетін және шешім қабылдау үдерісін түбегейлі өзгертеді", – деді ол.

Компанияның ең озық бастамаларының бірі – бес жылға жуық уақыттан бері әлемнің барлық бөлімшелерінде жүзеге асырылып келе жатқан Leonardo ішкі инновациялық жобасы.

Бағдарлама қызметкерлерге дизайн-ойлау қабілеттерін игеру, жылдам прототиптеу, тестілеу дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Бұл – цифрлық дәуірде табысты жұмыс істеуге қажетті негізгі дағдылар. Бүгінде Leonardo әдістемесін қолдана отырып әлемнің түрлі елдерінде 73 жоба жүзеге асырылып, 900-ден астам қызметкер арнайы оқытудан өтті.

"Инновациялық мәдениет компанияның барлық бөлімшесіне біртіндеп таралып келеді. Қызметкерлер жаңа жобаларға қатысып, бірыңғай инновациялық тәсілдерді қолдана бастады", – деді Фабрицио Франчезио.

Цифрландырудың негізі – қауіпсіздік

Фабрицио Франчезионың айтуынша, жасанды интеллектіні қолдануда ең алдымен деректер қауіпсіздігіне назар аударылады.

"Әңгіме клиникалық деректер немесе пациенттердің кез келген ақпараты туралы болғанда ең әуелі деректерді басқарудың және киберқауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеміз. Сондықтан қауіпсіздік – біз жүзеге асырып отырған барлық үдерістің ажырамас бөлігі", – деді Фабрицио Франчезио.

Оның айтуынша, компания өндірістік процестер мен пациенттердің деректерін қорғау үшін киберқауіпсіздікке қомақты инвестиция салып келеді.

"Біз жасанды интеллектіні енгізуге асқан жауапкершілікпен қараймыз және тек қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін модельдерді ғана пайдаланамыз. Компаниядағы жасанды интеллектті қолдану қатаң этикалық қағидаттарға негізделген", – деп қосты ол.

Барлығы – пациент игілігі үшін

Компания өкілдері цифрлық технологиялардың түпкі мақсаты – пациенттердің сапалы ем алуына жағдай жасау екенін айтады.

"Өндірістік процестерді жетілдіру арқылы біз дәрілік препараттардың қауіпсіздігін, сапасын және қолжетімділігін арттырамыз. Пациент үшін ең маңыздысы – қажетті дәрінің дер кезінде әрі жоғары сапада қолжетімді болуы", – деп түсіндірді олар.

Сонымен қатар цифрлық шешімдер дәрігерлерге препараттар туралы өзекті ақпаратқа жедел қол жеткізуге және әрбір пациент үшін ең тиімді емдеу тәсілін таңдауға мүмкіндік береді.

"Біз Қазақстанның медициналық қауымдастығымен тұрақты диалог жүргізіп, дәрігерлерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыруға инвестиция салып келеміз және бұл жұмысты жалғастыра береміз".

Баспасөз мәслихатының қорытындысында компания өкілдері өндірісті жергіліктендіру, жаңа технологияларды енгізу және Шымкенттегі өндірістік алаңды дамыту Қазақстанның дәрілік қауіпсіздігін нығайтып, отандық фармацевтика өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін арттырып, халықты заманауи әрі сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Stan.kz
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 09:30