Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеке дара банктер дәуірі аяқталды": Freedom Банкі ұлттық ауқымдағы платформаны қалай қалыптастырып жатыр

Aidos Zhumagulov
Фото: FreedomBank_

Freedom Банкі бес жылдың ішінде депозиттер көлемі 126 миллион доллар болатын шағын қаржы ұйымынан 6 миллионға жуық клиенті бар цифрлық экожүйенің өзегіне айналды. Freedom Банкінің Директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов бүгінгі таңда ешбір банктің жеке дара жұмыс істеп, табысты дамуы мүмкін еместігін және экожүйелік модельдің неге шешуші артықшылыққа айналғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Курсив” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2021 жылдың басында Freedom Holding Corp. банкті сатып алған кезде оның депозиттік портфелі небәрі 126 миллион доллар болды. Бүгінде бұл көрсеткіш 3,2 миллиард доллардан асты. Алайда бұл көрсеткіштердің артында мүлде басқа көзқарас жатыр: банк жай ғана қаржы институты болудан қалып, тұтас инфрақұрылымды қалыптастыратын платформаның сәулетшісіне айналды.

Айдос Жұмағұловтың айтуынша, Банк – холдинг құрамындағы барлық компанияның клиенттерге тікелей шығуын қамтамасыз ететін инфрақұрылымның негізін қалаушы. Бүгінде SuperApp арқылы азық-түлікке тапсырыс беру, билет сатып алу, инвестициялау, сақтандыру және мемлекеттік қызметтер қолжетімді. Биылға арналған мақсат – 8 миллион, ал келесі жылы – 12 миллион пайдаланушыға жету. Бұл іс жүзінде Қазақстанның экономикалық белсенді халқының басым бөлігін қамтиды.

"Банк бүкіл экожүйенің тартымдылық күшін қалыптастыруға жол салатын жоғары жылдамдықты локомотив іспеттес", — Freedom Банкінің директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.

Команда философиясындағы негізгі ұғым – гравитация. Бұрын клиент қосымшаға айына бір рет қана кредитін өтеу үшін кіретін, ал уақытының 95%-ын өзге экожүйелерде өткізетін. SuperApp бұл жағдайды өзгертті: енді пайдаланушы бір ғана қосымша арқылы ипотека іздеуден бастап жеңілдетілген дәрі-дәрмектерді алуға дейінгі түрлі міндеттерді шеше алады. Ал банк өнімдері пайдаланушыға байқалмай жұмыс істеп, операцияның толық орындалуын қамтамасыз етеді.

Экожүйелік модельдің екінші қыры – беделдік тәуекелдер. Қаржылық ұйым мен lifestyle-сервистер арасындағы шекара біртіндеп жойылып жатыр. Клиент бір брендпен, бір есептік жазбамен жұмыс істейді, сондықтан жеткізу немесе билет сату қызметінде қандай да бір мәселе туындаса, теріс әсер бүкіл платформаға таралады. Сондықтан еншілес компаниялар үшін SuperApp экожүйесіне кіру – күрделі міндет: қауіпсіздікке, бірыңғай стандарттарға және клиенттік тәжірибеге қойылатын талаптар өте жоғары.

"Экожүйесіз нарықта өміршең болу мүмкін емес. Кім не десе де, платформасыз сіз тек белгілі бір нишада жұмыс істейтін немесе шағын корпоративтік банк болып қаласыз. Тартылыс күші тек платформада ғана қалыптасады", — Freedom Банкінің директорлар кеңесінің мүшесі Айдос Жұмағұлов.

Келесі қадам – әлеуметтік өнімдерді іске қосу. Жақын арада SuperApp қосымшасында зейнеткерлер мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға арналған кешбэгі бар әлеуметтік карта пайда болады.

"Зейнеткердің міндеті тек банкоматтан ақша шешіп алу деп ойлау – үлкен қателік", – дейді Айдос Жұмағұлов.

Freedom кез келген клиентке бұрынғы шығын көлемін сақтай отырып, қай жерде және қалай көбірек пайда алуға болатынын түсіндіруді мақсат етеді.

Түпкі мақсат – адамның кез келген мәселесін бір жерде шеше алатын ұлттық ауқымдағы технологиялық платформаны қалыптастыру. Арзан ипотека рәсімдеуден бастап жұмысқа орналасуға және зейнетақы төлемдерін алуға дейінгі барлық қызметтер осы платформада қолжетімді болады.

Осы мақсатта қазіргі таңда Freedom Rating – клиенттің экожүйеге деген адалдығын бағалайтын арнайы рейтинг әзірленіп жатыр. Болашақта бұл рейтинг мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламаларға басымдықпен қол жеткізу мүмкіндігін айқындайтын көрсеткіштердің бірі болады.

Stan.kz
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 12:00