Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сингапур моделі Қазақстанға тиімді ме – Министрлікте жұмыс тобының отырысы өтті

жұмыс тобы
Фото: Еңбек министрлігі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен зейнетақы жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі арнайы жұмыс тобының отырысы өтті. Жұмыс тобының қарауына зейнетақы жүйесінің сингапурлық моделінің жобасы ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сингапурлық модель міндетті зейнетақы капиталын қалыптастыруды көздейді және азаматтарға зейнет жасына дейін жинақтың бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, медициналық шығындарды өтеуге және инвестициялауға пайдалану мүмкіндігін береді. Бұл ретте аударылатын қаражат үш шотқа бөлінеді, олардың біреуі жеңілдетілген тетік арқылы тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған.

Сарапшылар ұсынылған модельдің әлеуметтік осал топтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мүдделерін қаншалықты толық ескеретініне қатысты пікірлерін білдірді. Отырысқа қатысушылар аталған модельдің осы санаттағы азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыру деңгейіне ықпалын жан-жақты қосымша зерделеу қажетін атап өтті.

Қазір жұмыс тобының қарауында зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты өзге де тәсілдер бар.

“Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры азаматтың орташа айлық табысының медианалық жалақыға қатынасына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына қарай есептелетін әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізу тетігін ұсынды. Бұл тәсіл зейнетақы жүйесіндегі ынтымақты құрамдасты күшейтуге бағытталған”, – делінген хабарламада.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс берушінің аударымдарының 4%-ын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1%-ын ынтымақты (сақтандыру) құрамдасқа аударатын модельді таныстырды. Мұндай тәсіл жинақтаушы қағидатты сақтандыру тетіктерімен және өмір бойғы төлемдер жүйесімен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынылған барлық бастаманың қазір сараптамалық талқылау сатысында екенін атап өтеді. Сөзінше, түпкілікті шешім әрбір ұсыныстың әлеуметтік әділеттілікке, қаржылық тұрақтылыққа және азаматтардың түрлі санаттарына ықпалы жан-жақты сараланғаннан кейін қабылданады.

Қырмызы Скендір
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 10:55