АҚШ Иранмен соғысты аяқтау туралы келісімге келді – Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні кешке жоспарланған Иранға жасалатын соққылардың күшін жоятынын мәлімдеп, Тегеранмен келісімге қол қою мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Иран Ислам Республикасымен жүргізілген келіссөздер Иранның жоғары басшылығына жеткізіліп, мақұлданғандықтан, мен бүгін кешке жоспарланған Иранға қарсы соққылар жасап, бомбаламаймын", – деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында.
Трамптың сөзінше, келісімнің "соңғы тармақтары" барлық мүдделі тараптар тарапынан мақұлданған. Ол олардың қатарында Израиль мен делдал елдер тобын атады, алайда Иранды атамады.
Ақ үй басшысы сәуір айының ортасында басталған Иран порттарына теңіз блокадасы "келісім толық аяқталғанға дейін" сақталатынын нақтылады.
Америка көшбасшысының бұл жаңа мәлімдемесі оның бірнеше сағат бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында Иранға өте қуатты соққы жасалатынын хабарлап, елдің негізгі мұнай инфрақұрылымын бақылауға алуға уәде бергенінен кейін жарияланды.
Бейсенбі күні Вашингтонда журналистерге берген сұхбатында Трамп АҚШ-тың Иранмен соғысты аяқтау туралы келісімге келгенін, енді құжатқа қол қою ғана қалғанын мәлімдеді.
"Біз қақтығысты реттеу бойынша тамаша келісімге қол жеткіздік. Жақын арада қол қою рәсімі өтеді. Құжаттар әзірлеудің соңғы кезеңінде тұр. құжаттарға қол қойылғаннан кейін Тегеран Ормуз бұғазын ашады. Келісімге "өте жақын уақытта", мүмкін демалыс күндері Еуропада қол қойылуы мүмкін", – деді Трамп.
Америка көшбасшысы қол қою рәсіміне өзі қатыспайтынын атап өтті. Оның орнына АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс қатысады.
Сонымен қатар дипломатиялық үдерістермен таныс екі дереккөздің мәліметінше, АҚШ пен Иран арасындағы ниет туралы келісімге немесе өзара түсіністік меморандумына қол қою келесі аптаның басында өтуі ықтимал. Бұл құжат тек елдер арасындағы ұзақ мерзімді келісім бойынша болашақ келіссөздерге жол ашатын алғашқы қадам болмақ.
ОқыңызТрамп Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи АҚШ-пен болашақ келісімнің шарттарын мақұлдаған болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, Иран өзара түсіністік туралы меморандумда ешқандай жағдайда ядролық қару жасамауға және оны иеленбеуге міндеттеме алады.
Алайда IRNA басылымының мәліметінше, Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи АҚШ президенті Дональд Трампың Вашингтон мен Тегеран арасында алдағы уақытта бейбіт келісімге қол қойылады деген мәлімдемелерін алыпқашпа сөздер деп атады.
"Келісімге қол қоюдың уақыты мен орны туралы хабарламалар әлі де алыпқашпа сөз болып, ештеңе түпкілікті келісілген жоқ. Вашингтон соңғы бірнеше айда өз ұстанымын бірнеше рет өзгертіп, атысты тоқтату режимін бірнеше мәрте бұзды. Біз бұған дейін келісім мәтінінің негізгі бөлігі іс жүзінде келісілгенін айтқанбыз. Бірақ мәселе АҚШ өкілдері әр жолы жаңа талаптар қойып немесе өз ұстанымдарын өзгертіп отырды. Олар мұны өз өкілдері арқылы да, БАҚ-қа берген көптеген сұхбаттары арқылы да жасады", – деді дипломат.
Сонымен қатар, Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазын бақылауды жалғастырып жатқанын және оны кесіп өтуге тырысқан кез келген кемеге қатысты қатаң әрекет ететінін мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, Тегеран өзара түсіністік туралы меморандумда ядролық қаруға ие болуға ұмтылмайтынын міндеттемек. Келісімнің бір бөлігі ретінде теңіз блокадасының да алынуы қарастырылған. Президенттің мәлімдеуінше, құжаттар алдағы бірнеше күн ішінде түпкілікті рәсімделуі тиіс.
Сонымен қатар Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесінің мәліметінше, оның жуырда Трамппен телефон арқылы сөйлесуі барысында Иран түпкілікті келісім аясында уранды байытудан бас тартып, оған қажет инфрақұрылымды жоятыны, зымыран өндірісін қысқартатыны және Таяу Шығыстағы өзіне жақтас қарулы топтарды қолдауды тоқтататыны атап өтілген.
Бұған дейін Ақ үй басшысы Иранды реттеу үдерісін созып жатыр деп айыптаған еді. Ал түнде АҚШ елдің оңтүстігіне соққы жасады. Президент қарсыласын мәмілеге келмеген жағдайда толық күйретемін деп қорқытты.
Бұған жауап ретінде Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін жолды толық жауып, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып шабуыл операциясының алғашқы кезеңі басталғанын жариялады.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Таяу Шығыстағы нысандарға, оның ішінде Kuwait Air Base және Bahrain Air Base әуе базаларына соққы жасалғанын хабарлады. БАҚ мәліметінше, әскери күштер Ирак пен Иорданиядағы базаларға, сондай-ақ АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флотына да шабуыл жасаған.
"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті