Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Иранға жаңа соққылар жасады

АҚШ Иран соққы
Фото: U_S_CENTCOM

АҚШ Орталық қолбасшылығы Иран аумағындағы нысандарға соққы жасап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл соққылар "Жоғарғы бас қолбасшының бұйрығымен Иран аумағындағы бірнеше нысанаға өзін-өзі қорғау мақсатында” жасалған. 

“Соққылар Иранның негізсіз әрі жалғасып жатқан агрессиясына жауап ретінде жүзеге асырылды", –  деп мәлімдеді Centcom өкілдері.

АҚШ шенеуніктерінің айтуынша, жаңа шабуылдардың мақсаты – Тегеранға қысым жасап, оны келісімге қол қоюға мәжбүрлеу. Алайда Axios басылымының хабарлауынша, бұл әрекеттер әскери шиеленістің одан әрі ушығу қаупін де арттырады.

“Америкалық билік өкілдері Иран бұл соққыларға жауап береді” деп күтіп отыр. Бұл жауап сейсенбі күні кешке болған жағдайдағыдай АҚШ әскери базаларына жасалатын шабуылдар түрінде болуы мүмкін”, – деп жазды басылым.

Ал Иранның Tasnim ақпарат агенттігі әскери дереккөзге сілтеме жасап, Тегеранның жауап ретінде "қатаң шаралар" қабылдайтынын хабарлады.

“Иранды бомбалаймын” деген Трамптың қоқан-лоқысынан кейін мұнай бағасы өсті

Сондай-ақ Трамптың Иранға "өте күшті соққы жасаймын" деп қоқан-лоқы көрсетуінен кейін мұнай бағасы шамамен 2 долларға қымбаттады. 

Мұнай бағасы сәрсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша шамамен 2 долларға өскен. Brent маркалы мұнайдың фьючерстері сауда-саттықты бір баррелі 93,10 доллар деңгейінде аяқтады. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 1,65 долларға немесе 1,8 пайызға жоғары.

Америкалық мұнайдың фьючерстері сауда-саттықты бір баррелі 90,03 доллар деңгейінде аяқтап, 1,83 долларға немесе 2 пайызға қымбаттады. Күндізгі сауда барысында екі келісімшарттың да бағасы шамамен 3 долларға көтерілді.

Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп сәуір айында жасалған бітімнен бергі ең ірі атыс-шабыс оқиғаларының бірінен кейін Иранға қарсы шабуыл жасалатынын тағы да мәлімдеген еді.

Сауда сессиясының жабылуына қарай мұнай бағасының өсімі бәсеңдеді. Бұған Трамптың АҚШ әскери күштері Ормуз бұғазы арқылы 100 миллион баррельден астам мұнай тасымалдаған кемелерді жасырын түрде күзетіп жүргенін мәлімдеуі әсер етті.

Brent маркалы мұнайдың фьючерстері сауда-саттықты бір баррелі 93,10 доллар деңгейінде аяқтады. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 1,65 долларға немесе 1,8 пайызға жоғары.

Трамптың болжамынша, бұл операция мұнай бағасын тежеуге көмектескен. Ол Ақ үйде журналистерге берген сұхбатында, егер мұндай шаралар қабылданбағанда, мұнай бағасы қазіргі барреліне 85–90 доллардың орнына 250 долларға дейін жетуі мүмкін еді деп мәлімдеді.

Мұнай бағасына АҚШ-тың Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) деректері де қолдау көрсетті. Мәліметтерге сәйкес, өткен аптада АҚШ-тағы мұнай қоры айтарлықтай азайған. Бұған мұнай өңдеу зауыттарының соғыс салдарынан туындаған жеткізілім тапшылығын өтеуге тырысуы себеп болған.

Сондай-ақ деректер АҚШ-тың Стратегиялық мұнай резервіндегі қор көлемі 2023 жылдың тамыз айынан бергі ең төменгі деңгейге түскенін көрсетті.

Бұдан бөлек, сәрсенбі күні АҚШ Энергетика министрлігі жанармай бағасын төмендетуге көмектесу мақсатында энергетикалық компанияларға Стратегиялық мұнай резервінен 40 миллион баррельге дейін шикі мұнайды қарызға беруді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Еске салайық, күні кеше АҚШ Ормуз бұғазында тікұшағының атып түсірілуіне жауап ретінде Иранға шабуылды бастаған еді. АҚШ әскери күштері сейсенбі сағат 17:00-де шабуыл бастады. Сөздерінше, бұл миссия Иранның негізсіз агрессиясына пропорционалды жауап.

АҚШ әскери күштері бірнеше ирандық әуе қорғаныс жүйелері мен радарларына соққы берген. Трамп Иранға қарсы кек алу шабуылдары "өте күшті" болатынын ескертті.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 11 Маусым, 2026 08:07