Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Иранға жаңа соққы жасады: Тегеран мұнай бағасы 200 долларға жетуі мүмкін екенін мәлімдеді

АҚШ ұшағы
Фото: © Depositphotos.com/MichaelFitzsimmons

АҚШ Иранға қайта соққы жасады. Бұған жауап беретінін мәлімдеген Тегеран мұнай бағасы бір баррель үшін 200 долларға (94 600 теңге) дейін шарықтауы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Foxnews.com порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

АҚШ әскері Иранның оңтүстігіндегі зымыран ұшыру нүктелері мен миналар орнатпақ болған катерлерге соққы жасады. Оның мәліметінше, АҚШ күштері өз әскери қызметкерлерін Иран тарапынан төнген қауіптен қорғау мақсатында қорғаныс сипатындағы операция жүргізген. Нысанаға зымыран қондырғылары мен Ормуз бұғазында мина орнатуға әрекеттенген ирандық катерлер алынған.

Америкалық жоғары лауазымды шенеуніктің айтуынша, Ормуз бұғазында екі ирандық катердің мина қойғаны анықталған. Кейін АҚШ әскері Ислам революциясы сақшылары корпусының екі кемесін жойып, Бендер-Аббас қаласындағы америкалық ұшақтарға бағытталған әуе қорғанысы жүйесіне де соққы берген.

Дженнифер Гриффин бұл шабуылдардың атысты тоқтату режимінің аяқталғанын білдірмейтінін және олардың қорғаныс мақсатында жасалғанын атап өтті.

Иран Қарулы күштерінің "Хатам әл-Анбия" орталық штабының ресми өкілі Эбрагим Зольфагари АҚШ-тың шабуылынан кейін Тегеран тарапынан жауап болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жағдайдың ушығуы салдарынан мұнай бағасы бір баррель үшін 200 долларға (шамамен 94 600 теңге) дейін көтерілуі мүмкін.

"АҚШ билігі мәселелерді күш қолдану арқылы шешуге тырысатынын бірнеше рет көрсетті. Мұнайдың 200 долларға жетуіне дайын болыңыздар", – деді ол.

Айта кетейік, АҚШ пен Иран арасында сәуір айының басында жарияланған атысты тоқтату режимі әлі де күшінде. Кейін АҚШ президенті Donald Trump бұл режимді арнайы шешім шыққанға дейін белгісіз мерзімге ұзартқан еді.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ БАӘ-нің Иранға қарсы соғысқа жасырын түрде қатысқаны туралы жарыса жазған еді. Атысты тоқтату режимі кезінде БАӘ Парсы шығанағындағы Иранға тиесілі Лаван аралындағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасағаны айтылды. Шабуыл салдарынан үлкен өрт шығып, зауыт қуатының едәуір бөлігі бірнеше айға істен шыққан.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 11:01