Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Иранмен бетпе-бет жалғыз қаласың": Трамп Нетаньяхуға соғысты тоқтатпаса АҚШ қолдауынан айрылатынын айтты

Трмап соғыс Иран
Фото: Stan.kz коллаж

АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьері Биньямин Нетаньяхуға Иранмен шиеленісті ушықтырмау жөнінде ескерту жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі N12 телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ол екі тарап арасындағы қақтығысты бәсеңдетуге ықпал еткенін айтып, Иранмен келіссөзге әлі де мүдделі екенін жеткізді.

"Мен оған: “Биби (Нетаньяхудың мектеп кезіндегі лақап аты – ред.), әрекеттеріңде өте сақ бол. Өйткені жақын арада Иранмен бетпе-бет жалғыз қалуың мүмкін”, – дедім", – деді Трамп.

АҚШ президентінің айтуынша, 7 маусымдағы телефон арқылы сөйлесу кезінде ол Нетаньяхудан Иранның зымыран соққыларына жауап қайтармауды сұраған. Кейін Израиль тарапы Вашингтонға жоспарланған операция туралы тым кеш хабар берген.

"Израильдіктер бізге жаңартылған ақпаратты өте кеш жеткізді. Олар Иранға қарай бет алып бара жатты. Мен шабуылдың ауқымын қысқартуға қол жеткіздім", – деді Трамп.

Сондай-ақ ол 8 маусым күні таңертең Иран өкілдері делдалдар арқылы Израильге шабуылды тоқтатуға дайын екенін хабарлап, Вашингтоннан Израиль басшылығына ықпал етуді сұрағанын айтты.

"Мен Бибиге қоңырау шалып, оны тоқтатуға көндірдім", – деді АҚШ президенті.

Сонымен қатар Трамп Тегеранмен келісім жасауға әлі де мүдделі екенін және Иран да "бұл келісімге қол қоюға қызығушылық танытып отырғанын" атап өтті.

Еске салайық, Израиль мен Ливан атысты тоқтату туралы келісімге келді. Құжатта екі ел өкілдерінің үшжақты кездесуі 2 және 3 маусым күндері өткені айтылды. Сондай-ақ мәлімдемеде атысты тоқтату шарты ретінде “Хезболла” ұйымының толық түрде атысты тоқтатуы және оңтүстік Ливан аумағынан барлық қарулы мүшелерін шығару талап етілетіні көрсетілген.

Алайда артынша Иран атысты тоқтату режимі орнағаннан кейін Израильге шабуыл жасағаны белгілі болды. Иран Израильдің солтүстігіне бірнеше рет зымырандар ұшырған. Израиль қорғаныс армиясы Ираннан атылған барлық зымыранды ұшу кезінде жойғанын мәлімдеген еді.

Stan.kz
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 10:57