Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ пен Иран арасындағы келісімнен кейін мұнай бағасы төмендеп кетті

АҚШ Иран мұнай бағасы
Фото: Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен келісімге келіп, Иранға қарсы теңіз блокадасын тоқтататты. Жексенбі күні осы жағдайдан кейін мұнай бағасы төмендеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жексенбіде Brent маркалы мұнай бағасы 3,9% төмендеп, шамамен барреліне 84 доллар болды, ал АҚШ мұнайы 4,8% арзандап, шамамен 81 долларға түсті. Егер баға осы деңгейде сақталса, бұл 4 наурыздан бергі ең төменгі көрсеткіш болмақ.

Осы демалыс күндері жасалған келісімнен кейін жұма күні мұнай бағасы алғаш рет соғыс басталғалы бері бірінші аптадан кейін 90 доллардан төмен түскен.

Дегенмен соғысқа дейінгі деңгей – барреліне 70 доллардан төмен бағаға қайту үшін ұзақ уақыт қажет екені айтылды. Ол деңгей Иранға қарсы АҚШ пен Израиль шабуылдары басталғанға дейін тіркелген еді.

Нарық қатысушылары бұл ілгерілеуді оң қабылдағанымен, мұнай нарығы үшін жағдайды толық қалпына келтіру үшін әлі де көп жұмыс істеу қажет. Оның ішінде:

  • Ормуз бұғазын миналардан тазарту;
  • Теңіз қатынасын толық қауіпсіз ету;
  • Таяу Шығыстағы мұнай өндіруді қайта іске қосу;
  • Стратегиялық мұнай қорларын толықтыру;
  • Энергетикалық инфрақұрылымға келтірілген зақымдарды жөндеу сияқты шаралар бар.

Мұнай нарығындағы сарапшылардың ойынша, мұнай бағасы біраз уақыт жоғары болып қала береді. Дегенмен алғашқы кезде баға төмендеуі мүмкін. Бірақ әсіресе, мұнай қорлары толықтырылғаннан кейін cұраныс қайта өссе баға қайта көтеріледі. 

Трамп Ормуз бұғазын “тегін ашуға” рұқсат берді. Иран парламенті мүшесінің айтуынша, кейбір кемелерден бұғаздан өту үшін орта есеппен шамамен 2 миллион доллар алынып келген.

Бұғаз ашылғанның өзінде де сауда толық қалпына келуі үшін уақыт керек. Таяу Шығыстағы мұнай ұңғымалары соғыс кезінде көбіне тоқтап қалған. Оларды қайта іске қосу және толық өндіріске келтіру бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Кейбір ұңғымалар соғысқа дейінгі деңгейде мұнай өндіре алмауы да мүмкін.

“Егер жеткізу үзілістері ұзаққа созылса, мұнай бағасы қайта қатты қымбаттауы мүмкін. АҚШ-тың стратегиялық мұнай қоры сияқты резервтер азайса, баға одан да көтеріледі. Баға жазда тіпті барреліне 100-150 доллар деңгейіне дейін жетуі ықтимал. Бензин бағасы жанармай құю бекеттерінде шамамен 5 доллар деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін”, – деп ескертті сарапшылар.

Нарықтар Ормуз бұғазының ашылғанына сенім білдіріп отырған жоқ. Олар кемелердің ол жерден тұрақты әрі қауіпсіз өтетініне көз жеткізгісі келеді.

"Егер бұл шынымен жүзеге асса, жақсы болар еді, бірақ мен бұған нақты кемелер бұғаздан кедергісіз әрі еркін өткенін өз көзіммен көргенде ғана сенемін", – деді Сауд Арабиясында тұратын Global Center for Energy Analysis талдау орталығының президенті Джо Макмонигл.

Америкалық автомобиль қауымдастығы ұйымының мәліметінше, жексенбі күні АҚШ-та бензиннің орташа бағасы галлонына 4,07 доллар болды. Жанармай бағасы кейінгі үш апта бойы төмендеп келеді, бірақ соғыс басталғанға дейінгі деңгеймен салыстырғанда әлі де шамамен 36,6% жоғары.

Сонымен қатар жексенбі күні қор нарығының фьючерстері өсті. Dow Jones индексінің фьючерстері 0,6% қымбаттады, ал S&P 500 және Nasdaq фьючерстері 0,7%-дан астамға өсті.

Бұған дейін АҚШ пен Иран келісімге келгенін мәлімдеп, Женевада мәмілеге қол қойылатынын хабарлады. Пәкістан АҚШ пен Иран бейбіт келісімге келгенін, сондай-ақ Ливанда атысты тоқтату туралы уағдаластық жасалғанын мәлімдеді. Ал Дональд Трамп Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қайта жанданатынын және Иранға қарсы теңіз блокадасының тоқтатылатынын жария етті.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 10:39