АҚШ пен Иран келісімге келгенін мәлімдеді: Женевада мәмілеге қол қойылмақ

Пәкістан АҚШ пен Иран бейбіт келісімге келгенін, сондай-ақ Ливанда атысты тоқтату туралы уағдаластық жасалғанын мәлімдеді. Ал Дональд Трамп Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қайта жанданатынын және Иранға қарсы теңіз блокадасының тоқтатылатынын жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.
"Қарқынды келіссөздердің қорытындысы бойынша біз Америка Құрама Штаттары мен Иран Ислам Республикасы арасында бейбіт келісім жасалғанын қуана хабарлаймыз. Екі тарап та барлық бағыттарда, соның ішінде Ливанда әскери іс-қимылдарды дереу және түпкілікті тоқтататынын мәлімдеді", – деп жазды Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф X әлеуметтік желісінде.
Оның айтуынша, келісімге қол қоюдың ресми рәсімі 19 маусым, жұма күні Швейцарияда өтеді.
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге делдал болған Пәкістан Вашингтон мен Тегеранға, сондай-ақ келісімге қол жеткізуге атсалысқан Катар, Сауд Арабиясы мен Түркияға алғыс білдірді.
"Енді келісімге қол жеткізілгеннен кейін делдалдар осы аптада бірқатар кездесулер ұйымдастырады. Келісімді жүзеге асыру алдындағы бұл талқылаулар техникалық келіссөздер мен ресми қол қою рәсіміне негіз болмақ", – деп қосты Шахбаз Шариф.
АҚШ президенті өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде "Иранмен келісім аяқталғанын" жазды.
"Баршаңызды құттықтаймын! Осымен мен Ормуз бұғазының баж салығынсыз ашылуына толық рұқсат беремін және сонымен қатар АҚШ Қарулы күштері тарапынан енгізілген теңіз блокадасын дереу алып тастауға санкция беремін. Әлемнің барлық кемелері, қозғалтқыштарыңызды іске қосыңыздар. Мұнай еркін ағатын болсын”, – делінген жазбада.
Кейінірек журналистермен әңгімесінде Трамп Ормуз бұғазының Иранмен келісімге қол қойылғаннан кейін ашылатынын нақтылады.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында АҚШ-пен жасалған келісімнің толық пысықталғанын және оған ресми түрде жұма күні Швейцарияда қол қойылатынын растады.
"Барлық бағыттарда, соның ішінде Ливанда әскери іс-қимылдарды түпкілікті әрі дереу тоқтату туралы жарияланды", – деді ол.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Женевада өтетін қол қою рәсіміне қатысуды жоспарлап отырғанын айтты. Алайда оның сөзінше, рәсімге АҚШ президенті Трамп та келуі мүмкін.
"Менің ол жерде болуым әбден мүмкін, бірақ рәсімге президенттің өзі де қатысуы ықтимал", – деді Джей Ди Вэнс Fox News арнасына берген сұхбатында.
Осы аптада Трамп дүйсенбі күні Францияда басталатын және сәрсенбіге дейін жалғасатын Group of Seven саммитіне қатысады. Бұған қоса, бұған дейін хабарланғандай, оның Парижде Франция президенті Эмманюэль Макронмен кездесу өткізуі жоспарланған.
Бұған дейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи ұрыс алаңында Иранның АҚШ-ты жеңгенін мәлімдеген еді.
“Ұрыс алаңындағы жеңісті келісім жасау арқылы бекіту қажет. Иран мен АҚШ арасындағы алғашқы келісімде теңіз қатынасына қатысты ережелер бар. Меморандум теңіздегі блокаданы алып тастау және Ормуз бұғазы мәселесі туралы", – деді дипломат Иран теледидарындағы эфирде.
Министрдің сөзінше, енді Ормуз бұғазын басқару бұрынғыдан өзгеше болады.
Қазақстандық түрмелерде енді сотталғандар отбасымен видеотаксофон арқылы сөйлесе алады
Оқыңыз