Америкалық ФБР Аргентина футбол федерациясына қатысты тергеуді жандандырды – БАҚ

АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы Аргентина футбол қауымдастығының қаржылық операцияларына қатысты тергеуді қайта жандандырды. Тергеу материалдарында федерациямен байланысы бар компанияға шамамен 121,9 миллиард теңге аударылғаны айтылып, қаражаттың бір бөлігі ақшаны жылыстату схемасымен байланысты болуы мүмкін деген күдік келтірілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі La Nacion порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеуді АҚШ Әділет министрлігі жүргізіп жатыр. Мақсат – AFA-ның АҚШ қаржы жүйесі арқылы жүздеген миллион долларды қалай аударғанын және бұл операцияларда америкалық заңнамаға қайшы келетін қылмыстық белгілердің бар-жоғын анықтау.
Тергеу аясында кәсіпкер Гильермо Тофониден үш сағат бойы онлайн форматта жауап алынған. Оған Вашингтон мен Майамиде орналасқан ФБР агенттері мен федералдық прокурорлар қатысқан. Олар кейбір мәмілелерде ақшаны жылыстату немесе банк жүйесі арқылы алаяқтық жасау белгілері болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Америкалық тергеушілер AFA президенті Клаудио "Чики" Тапия мен ұйымның бас хатшысы Пабло Товиггиноның қызметіне, сондай-ақ AFA-ның халықаралық коммерциялық келісімшарттарынан түскен қаражатты басқарған TourProdEnter LLC компаниясының жұмысына ерекше назар аударып отыр.
Басылымның мәліметінше, АҚШ Әділет министрлігі іс бойынша Аргентина президенті Хавьер Милей үкіметінде жұмыс істеген бұрынғы шенеуніктерді де куә ретінде шақыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Олар кейінгі жылдары AFA қызметіне қатысты маңызды ақпаратқа қол жеткізген немесе ұйымның операцияларын бақылаған болуы мүмкін.
Алдын ала тергеу 2025 жылы басталған. Іспен АҚШ Әділет министрлігінің үш федералдық прокуроры айналысып жатыр. Олар TourProdEnter LLC компаниясы арқылы өткен қаражаттың қозғалысын және оның АҚШ банк жүйесі арқылы қалай жүргізілгенін зерттейді.
121,9 млрд теңге қайда кетті?
Мәліметтерге сенсек, TourProdEnter LLC компаниясы AFA атынан халықаралық келісімшарттардан түскен 260 миллион долларын (шамамен 121,9 миллиард теңге) басқарған. Алайда банк құжаттарына сенсек, қаражаттың тек бір бөлігі ғана ұйымның нақты операциялық шығындарымен байланысты болған.
Бұдан бөлек, 57 миллион доллар (шамамен 26,7 миллиард теңге) түрлі компаниялар мен жеке тұлғаларға аударылған. Басылым төлемдердің экономикалық негіздемесі құжаттарда көрсетілмегенін жазады.
Журналистік зерттеу барысында ондаған миллион доллардың нақты қызмет көрсетпеген компанияларға жіберілгені анықталған. Кейбір компаниялардың иелері әлеуметтік жәрдемақы алып жүрген азаматтар болғаны айтылады. Сонымен қатар AFA басшылығымен байланысы бар бірнеше компания мен олардың туыстарына да қаражат аударылғаны көрсетілген.
Тергеу қалай басталды?
АҚШ билігінің AFA-ға қызығушылығы алғаш рет 2024 жылдың қыркүйегінде пайда болған. Сол кезде Аргентина Қауіпсіздік министрлігі америкалық тарапқа ұйым қызметіне қатысты ақпарат берген. Алайда ол кезде ФБР қылмыстық іс қозғауға жеткілікті дәлел жоқ деген қорытынды жасаған.
Кейін жариялаған зерттеулерден соң Флорида штатында жүзеге асқан қаржылық және корпоративтік операциялардың күрделі желісі анықталып, америкалық құқық қорғау органдары істі қайта қарауға шешім қабылдаған.
Зерттеуге сәйкес, TourProdEnter LLC компаниясы Adidas пен Warner сияқты халықаралық компаниялардан AFA-ға түскен қаржыны қабылдап отырған. Келісімшарт бойынша компания соңғы төрт жыл ішінде AFA-ның халықаралық кірістерінің 30%-ын, сондай-ақ операциялық шығындардың 10%-ын комиссия ретінде алған.
Қазір АҚШ Әділет министрлігі мен ФБР осы қаржылық операциялар америкалық заңнаманы бұзды ма деген мәселені анықтап жатыр. Егер жеткілікті дәлел табылса, іс ресми қылмыстық тергеуге ұласуы мүмкін.
Іс 2026 жылғы әлем чемпионатындағы дауға қатысты ма?
Басылымның жазуынша, ФБР-дің қаржылық тергеуі Аргентина құрамасының әлем чемпионатындағы нәтижелерімен тікелей байланысты емес. Дегенмен, тергеудің қайта жандануы Аргентина құрамасының ширек финалға даулы жағдайда өткен кезеңімен тұспа-тұс келді.
Аргентина мен Мысыр арасындағы 1/8 финалдық кездесу 3:2 есебімен аяқталған болатын. Ойыннан кейін Мысыр құрамасының бас бапкері матч нәтижесі "алдын ала келісілген" болуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған.
Өз кезегінде Мысыр футбол федерациясы төрешілердің әрекетіне байланысты ФИФА-ға ресми шағым түсірді. Олар даулы түрде есептелмеген гол, белгіленбеген пенальти және өзге де эпизодтар төрешіліктің әділдігіне күмән тудырады деп санайды.
Бұған дейін әлем чемпионатында АҚШ президенті Дональд Трамптың да аты аталған дау туындаған еді. Оның айтуынша, ол ФИФА-ға ықпал етіп, америкалық футболшының дисквалификациясын алып тастауға көмектескен. Соған қарамастан АҚШ құрамасы 1/8 финалда Бельгиядан жеңіліп, жарыстан шығып қалды. Бұл нәтиже Иран футбол федерациясында оң бағаланған.
Еске салайық, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалдық кезеңі аяқталып, ширек финалға шыққан сегіз құрама белгілі болды. Келесі кезеңде Франция – Марокко, Испания – Бельгия, Норвегия – Англия және Аргентина – Швейцария жұптары жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті
Оқыңыз