Ұлытау облысы 2026 жылға жоспарланған ветеринариялық нысандардың құрылысын елімізде алғаш болып толық аяқтады

Мемлекет басшысының ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Ұлытау облысында ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар нәтижелі жүзеге асырылуда.
Ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыру, ауылдық елді мекендерді заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жануарлар ауруларының алдын алу мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген жалпы сипаттағы трансферттер есебінен өңірде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жүргізілген қажеттілік талдауының нәтижесінде Ұлытау облысында 2026–2027 жылдары жалпы саны 53 ветеринариялық нысан салу көзделді. Аталған жобаларды іске асыруға Үкімет тарапынан 1,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде биыл 570 млн теңге қаражатқа 22 ветеринариялық нысанның, ал 2027 жылы 836,5 млн теңгеге 31 нысанның құрылысы жоспарланған.
Бүгінгі таңда 2026 жылға жоспарланған барлық 22 модульдік ветеринариялық нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Осылайша, Ұлытау облысы ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі биылғы жоспарды елімізде алғаш болып толық орындаған өңір атанды. Барлық нысандар мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың теңгеріміне беріліп, тұрғындарға ветеринариялық қызмет көрсетуде пайдаланылуда.
Жаңа ветеринариялық нысандардың пайдалануға берілуі өңірдегі мемлекеттік ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық әлеуетін айтарлықтай күшейтті. Ғимараттар қажетті инженерлік коммуникациялармен толық қамтамасыз етіліп, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жабдықталған. Әрбір нысанда мамандардың сапалы жұмыс істеуіне арналған қызметтік кабинеттер, ветеринариялық препараттарды сақтауға арналған арнайы бөлмелер, жануарларды қауіпсіз бекітуге арналған арнайы қондырғылар және ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге қажетті жабдықтар қарастырылған.
Бұл өз кезегінде профилактикалық вакцинацияны, диагностикалық зерттеулерді, жануарларды бірдейлендіру жұмыстарын және эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақтылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шалғай ауылдық елді мекендер тұрғындары үшін ветеринариялық қызметтің қолжетімділігі артып, көрсетілетін қызметтердің сапасы жаңа деңгейге көтерілуде.
Салынған ветеринариялық бекеттер Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (WOAH) халықаралық талаптарына сәйкес келеді. Бұл өңірдегі биологиялық қауіпсіздікті нығайтуға, аса қауіпті жануарлар ауруларының таралуының алдын алуға, қолайлы эпизоотиялық ахуалды сақтауға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ветеринариялық инфрақұрылымды жүйелі дамыту – ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуының, халықтың әл-ауқатын арттырудың және еліміздің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар Ұлытау облысында алдағы кезеңде де кезең-кезеңімен жалғасады.
"Том Хардиге ұқсаймын": Желіде жарияланған бір ғана жазба қазақстандық қарапайым сатушының өмірін қалай өзгертті