Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрінің ұлы Ақмола облысында аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Айсұлтан Сейпелов
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі Айдарбек Сапаров/instagram.com/shortandy_audanynyn_akimdigi/ Айсұлтан Сейпелов

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың ұлы Айсұлтан Сейпелов Ақмола облысының Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

30 жастағы Айсұлтан Сейпелов мемлекеттік қызметке келгенге дейін алты жыл бойы анасы ресми түрде басқаратын отбасылық шаруа қожалығында басқарушы директор қызметін атқарған.

Жас шенеуніктің қызметтік мансабы қысқа уақыт ішінде тез өсті. 2026 жылдың маусым айында ол Ақмола облысы әкімдігіне агроөнеркәсіптік кешен бағдарламалары бойынша бас маман болып жұмысқа орналасса, арада бір ай өткен соң Шортанды ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Шортанды ауданы әкімдігі әкімінің орынбасары лауазымына конкурс өткізілген кезде үміткердің Ауыл шаруашылығы министрінің ұлы екенін білмеген. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, барлық конкурс рәсімі заң талаптарына толық сәйкес өткен.

“Конкурс өткізілген сәтте үміткер Сейпелов Айсұлтан Айдарбекұлының Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің ұлы екені бізге белгісіз болды. Конкурстық рәсімдер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес өткізілді. Үміткерлердің біліктілігі белгіленген талаптарға сәйкестігі және конкурс кезеңдерінің нәтижелері негізінде бағаланды”, – деп хабарлады ведомство.

Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, қызметке тағайындалғаннан кейін 30 күн ішінде қызметкердің құжаттары міндетті арнайы тексеруге жіберіледі. Бұл тексеру үш айға дейін созылады. Осы уақыт аралығында ол өз міндетін уақытша атқарады.

Егер тексеру нәтижесі теріс болса, заңға сәйкес мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылады. Яғни, Айсұлтан Сейпеловке қатысты арнайы тексеру әлі аяқталған жоқ.

 Айсұлтан Сейпелов 1995 жылғы 26 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Красное ауылында дүниеге келген. Оның отбасының агробизнесі де осы өңірде шоғырланған.

2018 жылы Канадалық университетті "Әлемдік экономика" мамандығы бойынша тәмамдаса, 2022 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінен "Агрономия" мамандығы бойынша диплом алған.

Еңбек жолын "Бурабай Даму" ұйымында байланыс орталығының операторы болып бастаған. Кейін алты жыл бойы "Сейпіл Малик" шаруа қожалығын басқарған.

2026 жылы Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына бас маман болып жұмысқа орналасып, арада бір ай өткен соң Шортанды ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 16:42