Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Chevron компаниясының мұнай тасымалдайтын танкеріне Қара теңізде дрон шабуылдады

Каспий құбыр консорциумы терминалы маңында дрондар екі мұнай танкеріне шабуыл жасады
Фото: pixabay.com

Chevron компаниясына тиесілі, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай тасымалдайтын “Yasa Polaris” танкеріне Ресейдің Қара теңіз жағалауында дрон шабуыл жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters мәліметіне сілтеме жасап хабарлады.

Chevron компаниясы оқиғаны растады. Компания мәліметінше, шабуылдан кейін экипаж мүшелері зардап шекпеген, ал Қазақстан мұнайының экспорты штаттық режимде жалғасып жатыр.

LSEG деректеріне сәйкес, 2022 жылы жасалған “Yasa Polaris” танкері шамамен 160 мың тонна мұнай тасымалдай алады.

Каспий құбыр консорциумы Қазақстанның Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарынан өндірілген мұнайды әлемдік нарыққа жеткізетін негізгі экспорттық бағыттардың бірі. 2024 жылы консорциум арқылы шамамен 63 миллион тонна мұнай тасымалданған.

Соңғы жылдары Қара теңіздегі мұнай инфрақұрылымы бірнеше рет шабуылға ұшыраған. Reuters мәліметінше, 2022 жылдан бері КҚК терминалы мен мұнай тасымалдайтын кемелерге жасалған шабуылдар салдарынан инфрақұрылым нысандары зақымданған жағдайлар болған.

Трейдерлердің мәліметінше, КҚК шілде айында тәулігіне шамамен 1,6 миллион баррель CPC Blend мұнайын экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл маусым айындағы жоспардан төмен. Бұған Ресейдегі бірқатар нысандардың зақымдануы салдарынан мұнай өндірісінің қысқаруы әсер еткен.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейдегі ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі – Омбы мұнай өңдеу зауыты дрон шабуылынан кейін жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Reuters дерегінше, осыған байланысты Ресей билігі жанармай тапшылығын жабу үшін Қазақстаннан АИ-92 бензинін жеткізу мәселесін қарастырған.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 08 Шілде, 2026 17:26