Алматы облысында 19 адам сушидан уланып қалды

Алматы облысының Боралдай кентінде тағамнан жаппай улану оқиғасынан кейін Sushi Time қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды. Мекемеден тағам тұтынған 19 тұрғын ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, Боралдай кентінде жаппай улану дерегінен кейін қоғамдық тамақтану орнының жұмысы уақытша тоқтатылды.
"Боралдай кентіндегі "Алатау" базарында орналасқан Sushi Time мекемесінің қызметі оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанға дейін уақытша тоқтатылды. Тамақтан улану белгілерімен тұрғындар медициналық көмекке жүгінгеннен кейін 19 адам ауруханаға жатқызылды. Алдын ала мәліметтер бойынша, олардың барлығы осы мекемеден сатып алынған тағам өнімдерін тұтынған", – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Алғашқы шағымдар түскеннен кейін оқиғаға санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, денсаулық сақтау ұйымдары және жергілікті атқарушы органдар тартылды.
Қазір Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зертханалық талдау үшін тағам өнімдерінен сынамалар алынып, материалдар уәкілетті органдарға жолданды.
ОқыңызОқиғаның нақты себептері тексеру аяқталып, зертханалық зерттеулердің нәтижелері алынғаннан кейін белгілі болады.
Тексеру қорытындылары туралы қосымша хабарланады. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тұрғындарды тағамнан улану белгілері байқалған жағдайда немесе денсаулық жағдайы нашарлаған кезде дереу дәрігерге қаралуға шақырды.
"Жаз мезгілінде қоғамдық тамақтану орындарын таңдауға ерекше назар аудару қажет. Нысандардың санитариялық жағдайына және тағам өнімдерін сақтау талаптарының сақталуына мән берген жөн. Құсу, іш өту немесе дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер пайда болған жағдайда өздігінен емделуге болмайды. Дереу медициналық көмекке жүгіну қажет", – деп ескертті ведомство.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысы Байзақ ауданы Мырзатай ауылында 12 оқушы тағамнан улану белгілерімен дәрігерлердің көмегіне жүгінген еді. Алдын ала мәлімет бойынша олар мектеп маңындағы жеке дүкеннен сатып алған сэндвич, бургер және басқа да жылдам дайындалатын тағамдарды тұтынған. Балалар тексеруден өтіп, жағдайлары тұрақты болғандықтан үй жағдайында емделуге жіберілді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін зертханалық сараптамалар жүргізіліп жатыр.