Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде Wedrink-ке қатысты шағым көбейді: Денсаулық сақтау министрлігі өнімге қатысты түсініктеме берді

wedrink
Фото: Яндекс

Желіде Wedrink өнімдеріне қатысты шағымдар көбейіп кетті. Кейбірі сусындарды ішкеннен кейін өздерін нашар сезінгенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кейбір ата-аналар Wedrink өнімдерінен соң, балалары ауруханаға жатқызылғанын айтты.

"Қызым Wedrink-тен уланып, қазір ауруханада дәрі алып жүр... Түні бойы құсып, жартылай есінен танып, оны жедел жәрдем алып кетті", "Қызымның сыныптасы уланып, үш күн жансақтау бөлімінде жатты, бір айға жуық емделіп, қазір қатаң диетада", "Мен көлікте осы сусынды бір ұрттаймын деп құстым... Жедел жәрдем бөліміне барып, асқазанымды тазалауға тура келді", – деп жазды желідегілер.

Осы шағымдардан соң олар өнімнің құрамына күмәнмен қарап, тексеруді сұрады.

Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Wedrink өнімдеріне қатысты жағдайға түсініктеме берді.

Мекеме бұл сусындардың құрамында қант мөлшері жоғары қою сироптар бар екенін, сондықтан шамадан тыс тұтыну ағзаға кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді.

"Мұндай өнімдерді шамадан тыс тұтыну асқазанның бұзылуына және қандағы қант деңгейінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Балалар мен жасөспірімдерге мұндай сусындарды шамадан тыс ішпеу ұсынылады", – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Десе де денсаулық сақтау министрлігі бүгінге дейін Wedrink өнімдерінен улану туралы хабарламалар келіп түспегенін мәлімдеді.

"Комитет пен оның аймақтық департаменттеріне Wedrink өнімдерін тұтынуға байланысты жаппай тамақтан улану туралы хабарламалар келіп түскен жоқ. Улану жағдайларын талдау аймақтық жұқпалы аурулар ауруханаларымен бірлесіп жүргізілді. Нәтижелерге сәйкес, Wedrink өнімдеріне байланысты улану жағдайлары анықталған жоқ", – делінген хабарламада.

Агенттік мұндай жағдайда медициналық карталар мен басқа да қосымша материалдарды ұсына отырып, жоспардан тыс тексеру үшін жергілікті кеңселеріне хабарласуы керек екенін қосты.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 15:11