Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдос Қоспаевтан тәркіленген Rolls-Royce 26,7 миллион теңгеге сатылды

Rolls-Royce автокөлік аукцион
Фото: e-Qazyna

Алматыда Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобының ісіне байланысты тәркіленген Rolls-Royce Ghost Family көлігі сатылды. Автокөлік e-Qazyna электронды аукционы арқылы 26,7 миллион теңгеге өткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сауда бағасын төмендету форматындағы аукцион түрінде өтті.

2025 жылы 7 тамыздағы Turan LTD ЖК есебіне сәйкес, автокөлік 62,6 миллион теңгеге бағаланған. Осылайша, Rolls-Royce бағалау құнынан шамамен 2,3 есе арзанға, яғни нарықтық құнынан 35,8 миллион теңгеге төмен бағада сатылған.

Лоттың бастапқы бағасы 187,7 миллион теңге болса, сатуға рұқсат етілген ең төменгі баға – 15,6 миллион теңге.

Rolls-Royce Ghost Family – 2013 жылы шығарылған, VIN-нөмірі – SCA664S00DUX39968. Есепте автокөліктің 007VIP07 мемлекеттік нөмірімен тіркелгені көрсетілген, алайда көліктің өзінде нөмірлік белгілер болмаған.

Лот сипаттамасында көліктің шанағы мен салоны жақсы бүлінбей, жақсы жағдайда екені, ал айналары, алдыңғы әйнегі, дөңгелектері мен жарық шамдарының жағдайы қанағаттанарлық жағдайда деп көрсетілген.

 Сонымен қатар көлікте тіркеу куәлігі мен оталдыру кілті болмаған. Сондай-ақ көліктің аккумуляторын, қозғалтқышын, қосалқы дөңгелегін тексеру мүмкін болмаған. Бұдан бөлек, дөңгелек ауыстыруға арналған кілт пен домкрат та болмаған. Сату шарттарына сәйкес, құжаттарды рәсімдеу, тыйымдарды алып тастау, салықтар, айыппұлдар және өзге де төлемдер бойынша барлық шығындарды сатып алушы өз мойнына алады.

Автокөлік e-Qazyna сайтындағы электронды аукцион арқылы сатылған, ал сатып алушы – Қазақстан азаматы, жеке тұлға.

Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде сатып алушының аты-жөні жеке деректер туралы заңға сәйкес жарияланбады. Сондай-ақ ведомство сатып алушының бұрынғы иесімен қандай да бір байланысы бар-жоғы туралы ақпараттың жоқ екенін хабарлады.

Бұған дейін Перизат Қайраттың көлігі аукционға шығарылғаны туралы жазған едік. 777KPK01 нөмірлі қара түсті Mercedes-Benz S450 автокөлігінің бағасына Pandora сигнализациясы бар кілт кіреді. Автокөліктің аккумуляторы разрядталған, алайда техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес. Көлік 79 415 000 теңгеге бағаланды.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 08:41