Ақтауда темір құбыр баланың басына түсіп, бас сүйегін қақ жарған

Ақтаулық дәрігерлер басына темір құбыр құлаған 7 жастағы балаға күрделі ота жасап, аман алып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мәліметінше, Құрық ауылынан келген 7 жастағы бала 10 мамыр күні ауыр тұрмыстық жарақаттан кейін Ақтаудағы медициналық мекемеге шұғыл жеткізілген. Баланың басына темір құбыр құлаған. Науқас аса ауыр жағдайда болған.
Балаға ашық бас-ми жарақаты, бас сүйегінің көп жарықшақты жаншылып сынуы, ми жарақаты, пневмоцефалия, ликворея, мидың айқын ісінуі, ауыр травмалық шок және постгеморрагиялық анемия диагноздары қойылды.
Мамандар балаға екі сағаттан астам хирургиялық ота жасап, бас сүйегіне трепанация жүргізді. Жаншылған сүйек сынықтарын алып тастап, қатты ми қабығына пластика жасады.
Қазір баланың жағдайы тұрақты. Ол есін жиып, өздігінен тамақтанып, ата-анасын танып отыр. Десе де науқастың жағдайы әлі де дәрігерлердің бақылауында.
Бұған дейін Қарағандыда баланың басына кірпіш құлап, күрделі ота жасалған еді. Ота кезінде баланың жүрегі тоқтап, қан қысымы төмендеген. Кейін ол бір литр қан жоғалтқандықтан оған қан құйды. Анасының айтуынша, баланың басына қасбет кірпіші құлап, бас сүйегі зақымданды.
Алматы мен оның маңында 70 мың ағаш құлады: 2011 жылғы жойқын дауылдың қандай салдарын қала әлі күнге дейін сезіп отыр