Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында 12 жастағы балаға ит шабуыл жасап, сол жақ иығын жұлып алған

итке таланған бала (1)
Фото: Видеодан скрин

Қарағанды облысында кәмелетке толмаған балаға иттің шабуыл жасауы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиға 1 мамыр күні Бұқар жырау ауданындағы Ақтөбе ауылында болған. Зардап шеккен бала иығынан ауыр тістелген жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Баланың анасы Жанельдің айтуынша, ит ұлына өз үйінің ауласында тап берген.

"Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ақтөбе ауылында менің балама өз үйіміздің ауласында ит шабуыл жасады. Соның салдарынан ол ауыр жарақат алды. Сол жақ иығынан ет жұлынған, бала қатты шок күйінде, қазір қолының жансыздануы байқалады. Менің ұлым эпилепсия диагнозымен өмір сүріп келеді. Мұндай жарақат пен стресс оның денсаулығына өте ауыр салдар әкелуі мүмкін. Баламның жағдайы мен алдағы оңалту процесі мені қатты алаңдатады", – дейді баланың анасы.

Анасының сөзінше, иттің иесі бар, ол полиция қызметкері, жол-патруль қызметінде жұмыс істейді. 

"Алайда жағдайға тиісті деңгейде әрекет етудің орнына, маған "мәселені шешіп", арызымды қайтарып алуды ұсынды. Бірақ бұл жерде ақша туралы емес. Бұл менің баламның қауіпсіздігі мен әділдік туралы. Істің соңына дейін жетпей қалуынан қауіптенемін. Сондықтан бұл жағдайдың жария болғанын қалаймын", – дейді баланың анасы Жанель.

Сондай-ақ ол иттің мектеп маңында тұратынын айтып, басқа балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді.

Бұқар жырау ауданы әкімдігі шабуыл фактісін растады. Ресми мәліметке сәйкес, зардап шеккен бала 2014 жылы туған. Ал иттің иесі 52 жастағы жергілікті тұрғын. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.

"Зардап шеккен бала толық ем қабылдап болғаннан кейін және барлық қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізілген соң түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. Кейбір ақпарат көздерінде тараған ит иесі құқық қорғау органының қызметкері деген мәлімет шындыққа сәйкес келмейді", - деп жауап берді Қарағанды облыстық полиция департаменті.

Дәрігерлер баланың сол жақ иық буыны мен иықтың жоғарғы бөлігінде ауқымды жарақаттар бар екенін анықтаған. Оқиға болған күні алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Қазір бала облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Еске салсақ, Қазақстанда бұралқы иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасау туралы заң ұсынылғанын хабарлаған едік. Заң бойынша, жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: бұралқы жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі керек болған. Алайда қазақстандықтар бұл заңға қарсы шықты. Ал Сенат қаңғырған жануарлар туралы жаңа заңды мәжіліске қайтарды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 20:44