Қазақстанда зейнетақы жинағын алу шегі енді қалай есептеледі: Министрлік пен зейнетақы қоры түсіндірді

Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға арналған жеткілікті шекті есептеу әдісі қайта қаралмақ. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен Еңбек министрлігі жаңа шектер қандай формуламен есептелетінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes Kazakhstan сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі ереже бойынша, жеткіліктілік шек – адамның зейнетақы жинағында қалуы тиіс ең төменгі сома. Демек, сол ақша болашақта кем дегенде ең төменгі зейнетақы алуға жетуі керек.
Есептеу кезінде 2026 жылға 85 мың теңге болып бекітілген ең төменгі жалақы негізге алынады. Бұл міндетті зейнетақы жарналары төленетін ең төменгі еңбек табысы. Сонымен қатар әдістемеде зейнетақы жинағының инвестиция арқылы жыл сайынғы өсімі ескеріледі. Құжатта зейнетақы төлемдері, ең төменгі зейнетақы мен ең төменгі жалақыны индекстеу параметрлері де қарастырылған. Оған қоса міндетті зейнетақы жарналарының төлену жиілігі мен төлемдердің басталу және аяқталу жасы — 60 пен 82 жас аралығы есепке алынады. Әр жасқа арналған қазіргі шектер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сайтында жарияланған.
ОқыңызҚор өкілдерінің айтуынша, қазіргі жүйе ел экономикасына қатысты болжамдарға тым тәуелді және болашақта зейнетақы жарналары түспей қалу қаупін ескермейді.
“Қазіргі есептеу жүйесі болашақтағы экономикаға қатты тәуелді. Соның салдарынан зейнетақы жинағын алуға қажет шек жыл сайын өзгеріп тұрады. Сонымен бірге адамның болашақта тұрақты жарна төлейтініне кепіл жоқ. Ал бұл кейін алатын зейнетақының аз болуына әсер етуі мүмкін”, – делінген қор мәлімдемесінде.
Жаңа әдістемеде билік халықаралық тәжірибеде қолданылатын актуарлық формулаға көшуді жоспарлап отыр. Қаулы жобасына сәйкес, зейнетақы жинағының жеткілікті шегі әр адамның жасына қарай жеке есептеледі. Есептеу арнайы формула арқылы жүргізіліп, болашақта ай сайын төленетін зейнетақының қазіргі күндегі шамамен қанша ақшаға тең екені анықталады. Бұл ретте есептеу болашақтағы жарналар болжамына емес, болашақ зейнетақы төлемдерінің мақсатты көрсеткіштеріне негізделеді.
“Формула болашақ жарналарды есепке алмай-ақ, төлемдердің тұрақты әрі алдын ала есептелуін қамтамасыз ету үшін ұзақмерзімді демографиялық (ұлттық демографиялық кестелер) және қаржылық факторларды (табыстылық мөлшерлемесі мен төлемдерді индекстеу) ескереді”, – делінген қор жауабында.
Қордың пікірінше, мұндай тәсіл болашақ зейнетақы төлемдерін азаматтар үшін алдын ала есептеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар есептеулер экономикаға қатысты болжамдардың өзгеруіне азырақ тәуелді болады.
ОқыңызБірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры әдістемені қайта қарау халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес екенін айтты. Оған қоса бұл тәсіл адамның жеткілікті зейнетақы алуы үшін шотында кемінде қанша ақша жиналуы керек екенін нақтырақ есептеуге мүмкіндік береді.
Ал Еңбек министрлігі зейнетақы жинақтарының “нақты мақсатқа арналғанын” және азаматтарға зейнетке шыққан соң тұрақты табыс әкелуі тиіс екенін айтты.
Министрлік қаулы жобасының жариялануына қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, құжат “Ашық НҚА” порталында белгіленген тәртіпке сай жарияланған. Сонымен қатар қазір “порталдың техникалық жаңартуларына байланысты” жоба мазмұнының негізгі бөлігі “бейімделген форматта” жарияланып жатқаны түсіндірілді.
Наурыз айында еңбек министрі Асқарбек Ертаев жаңа есептеу әдістемесіне сәйкес, жеткіліктілік шегі 10%-ға дейін өсуі мүмкін екенін және инфляция деңгейі ескерілетінін айтқан еді.
Айта кетейік, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алу шегі көтерілгені хабарланған еді. Сол кезде Еңбек министрлігі не себепті өзгеріс енгізгенін түсіндірді.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?