Депутат ауылдарға асфальттың орнына цемент пен қиыршық тас төсеуді ұсынды

Қазақстанда ауылдарға апаратын жолдарды міндетті түрде асфальттау талаптарын қайта қарау ұсынылды. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова үкіметке жолдаған сауалында мыңдаған шақырым ауыл жолын арзан әрі төзімді цемент негізді технологиямен салуды ұсынып, қазіргі "қымбат асфальт немесе мүлде жол жоқ" деген тәсілді сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда ауылдық жол инфрақұрылымын дамыту мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты. Мәжіліс депутаттары премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында шалғай елді мекендерге апаратын жолдарды салудың жаңа, үнемді тәсілдерін енгізуді ұсынды. Құжатта атап өтілгендей, республика аумағының кеңдігі мен ауылдық жерлердегі халық тығыздығының әркелкілігі жол құрылысына ерекше көзқарасты талап етеді.
Депутат Ирина Смирнованың айтуынша, республикалық трассаларға басымдық беріліп отырғанымен, ауылдарға апаратын мыңдаған шақырым жол мәселесі әлі де өзекті.
"Қазақстан аумағы бойынша әлемдегі ең ірі елдердің бірі. Бірақ ауылдық жерлердегі халық тығыздығы мен шаруашылық белсенділік біркелкі емес. Мұндай жағдайда барлық жолды дәстүрлі асфальтпен жабу – экономикалық тұрғыдан тиімсіз, ал кей жағдайда мүмкін де емес. Бірақ біз ауылдарды жолсыз қалдыра алмаймыз, өйткені бұл – адамдардың мектепке, ауруханаға, нарыққа қолжетімділігі деген сөз", – деді Ирина Смирнова.
Ирина Смирнованың пікірінше, қазір жол салуда таңдау шектеулі.
"Бүгінгі күні бізде іс жүзінде бір ғана таңдау тұр. Мұнда не қымбат әрі ұзақ салынатын асфальт жол, не мүлде жол салмау қалып отырғанын білу керек. Тәсіл ауылдық аумақтардың дамуын тежейді. Сондықтан бізге балама, икемді және экономикалық тұрғыдан тиімді шешімдер қажет", – деді Смирнова.
Депутаттар ұсынған негізгі шешім цемент пен жергілікті табиғи материалдарды (топырақ, құм, қиыршық тас) пайдалану арқылы жол салу технологиясын кеңінен енгізу. Мұндай жолдардың құны асфальтқа қарағанда 6-8 есе арзан әрі климаттық өзгерістерге төзімді келеді. Сонымен қатар, ауыр жүк көліктеріне шыдамды және қысқа мерзімде салынады. Смирнованың сөзінше, бұл тәсіл халықаралық тәжірибеде өзін дәлелдеген.
"Бұл – уақытша немесе мәжбүрлі шара емес, толыққанды инженерлік шешім. АҚШ-та, Германияда, Қытайда мұндай технологиялар ондаған жылдар бойы қолданылып келеді. Мысалы, Германияда ауыл және орман жолдарының басым бөлігі минералды бетон негізінде салынған. Бұл мемлекеттер бюджет қаражатын тиімді жұмсай отырып, сапалы жол инфрақұрылымын қамтамасыз етіп отыр", – деді депутат.
Шетелдік тәжірибеге сәйкес, АҚШ-та цементпен нығайтылған негіздер (Cement-Treated Base) кеңінен қолданылады, Германияда минералды бетон технологиясы басым, ал Қытайда топырақ-цемент қоспалары арқылы мыңдаған шақырым ауыл жолдары салынған.
Депутаттар Қазақстанда бұл тәсілді енгізуге барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Елде цемент өндірісі жеткілікті, табиғи материалдар қоры мол және жол саласында тәжірибелі кадрлар бар. Осыған байланысты "Народная партия Казахстана" фракциясы бірнеше жүйелі шараны ұсынды. Атап айтқанда, нормативтік базаны жаңарту, ауыл жолдарына арналған типтік жобаларды әзірлеу, бірнеше өңірде пилоттық жобаларды іске қосу және кейін "Ауыл жолдары" атты арнайы мемлекеттік бағдарламаны қарастыру қажет.
Депутаттардың пікірінше, бұл бастама тек бюджет шығындарын қысқартуға емес, ең бастысы – әрбір ауылдың аудан орталығына қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, бұған дейін Нұрлан Сауранбаев ауыл жолдарына неге барлық жерде асфальт төселмейтінін түсіндірген еді. Оның айтуынша, халық саны аз елді мекендердің бәріне бірдей асфальт салу бюджетке тиімсіз. Сондықтан бөлінген қаражатқа бір ауылға асфальт төсегенше, бірнеше ауылға қиыршық тас жол салу тиімдірек. Министр бұл тәсіл уақытша шешім екенін, қаржы мүмкіндік берген жағдайда мұндай жолдарға кейін асфальт төселетінін атап өтті.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз