Сарапшы баспана бағасына қатысты болжам жасады

Келер үш-бес жылда Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығында баға қайта өсуі мүмкін. Мұндай болжамды ҚР Риелторлар өзін-өзі реттейтін қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нина Лукьяненконың айтуынша, дәл қазір жылжымайтын мүлік нарығында бағаның күрт өсуін күтуге негіз жоқ. Оның сөзінше, бұл сегмент шамамен бір жылдан бері тоқырау кезеңінде тұр. Ресми статистикаға сәйкес, шаршы метр құны айтарлықтай өзгермеген.
“Кейінгі айлардың статистикасына қарасақ, қаңтарда желтоқсанмен салыстырғанда баға 2,5%, ақпанда 0,2%, наурызда 0,1%, сәуірде 0,6% өскен. Яғни жалпы бағаның қатты қозғалып жатқанын көріп отырған жоқпыз”, – деді сарапшы.
Ол қазіргі өсім негізінен номиналды сипатта екенін айтты. Дегенмен статистика көбіне нақты мәмілелерге емес, жарнамадағы ұсыныс бағаларына сүйеніп жасалатынын ескеру қажет. Бұл нарықтағы шынайы көріністі бұрмалауы мүмкін.
Пәтер бағасына келсек, әсіресе қайталама нарықта төмендеу байқалады. Бұған ескі тұрғын үй қорынан пәтер сатып алуға арналған ипотекалық өнімдердің аздығы себеп болып отыр.
“Келер уақытта нарық инфляция деңгейіне тәуелді болады. Өйткені жылжымайтын мүлік те – тауар. Егер басқа тауарлар мен қызметтердің бағасы өзгерсе, шаршы метр құны да сол бағытта қозғалады”, – деді Нина Лукьяненко.
Пәтер неге қымбаттауы мүмкін?
Сарапшы пәтер бағасы үш-бес жылдан кейін өсе бастауы ықтимал деп болжады.
Бұған ірі қалаларға көші-қонның артуы, ел халқы санының көбеюі және тұрғын үйге сұраныстың жоғарылауы әсер етеді. Сонымен қатар 2008-2009 жылдардағы бэби-бум кезеңінде дүниеге келген балалар бүгінде есейіп келеді. Сарапшының айтуынша, олар да алдағы уақытта баспана мәселесін шешуге кіріседі.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?