Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таиланда дүниеге келген қазақстандық сәби медициналық авиация арқылы елге жеткізілді

Таиланд сәби авиация
Фото: Видеодан скрин

Күйеуімен Таиландқа демалуға барамын деп шетелде босанып қалған қазақстандықтың сәбиі 11 мамыр күні Пхукет қаласынан Алматы қаласына жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, науқастың жағдайының ауыр болған. Нәресте өкпені жасанды желдету аппаратына қосылғандықтан және тұрақты оттегі қолдауына зәру болғандықтан кювезде тасымалданды.

Сәби Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы медициналық авиация мобильдік бригадасы арқылы жеткізілді.

“Бригада құрамында дәрігер Жасұлан Жұмғұлов, фельдшер Болат Шәріпов және неонатология департаментінің басшысы Асхат Қуанышбаев болды. Алматы қаласына келгеннен кейін нәресте әрі қарай мамандандырылған ем алу үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жатқызылды”, – деп мәлімдеді ведомство.

 Министрлік медициналық мамандарға кәсібилігі мен үйлесімді жұмысы үшін шынайы алғысымызды білдіріп, нәрестенің тезірек сауығып, денсаулығының мықты болуына тілектес екенін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық Назира Алиева күйеуімен Таиландқа демалуға барамын деп қиын жағдайға тап болды. 28 аптасында сәбиін мерзімінен ерте босанып қалып, бала жансақтау бөліміне түскен. Қазақстандықтың айтуынша, жансақтау бөліміндегі бір күн – 700-740 мың теңге тұрады. 

Назираның айтуынша, жүктілік еш қиындықсыз өткен. Бала 24 наурыздан бастап Таиландта Vachira Phuket Hospital емханасында жатқан.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 15:13