Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таиландқа демалуға барған қазақстандық әйел босанып қалған: Баласының еміне күніне 740 мың теңге қажет

Бала жансақтау бөіліміФото: Іnstagram.com/naziratti

Қазақстандық Назира Алиева күйеуімен Таиландқа демалуға барамын деп қиын жағдайға тап болды. 28 аптасында сәбиін мерзімінен ерте босанып қалып, бала жансақтау бөліміне түскен. Қазақстандықтың айтуынша, жансақтау бөліміндегі бір күн – 700-740 мың теңге тұрады. Stan.kz редакциясы Назирамен тілдесіп, баланың қазіргі жағдайын білді.

Назираның айтуынша, жүктілік еш қиындықсыз өткен. Бала 24 наурыздан бастап Таиландта Vachira Phuket Hospital емханасында жатыр.

“Қазір жаңа туған сәбиім күн сайын өмірі үшін күресіп жатыр. Оның өмір сүруі үшін біз үлкен қаражат төлеуіміз керек. 18 күннен бері жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Әзірге өздігінен тыныс ала алмайды. Дәрігерлер өмірінің алғашқы күндерінен бастап инфекция бар екенін растады, қазір ем алып жатыр. Оны жасанды тыныс алу аппаратынан бірнеше рет ажыратпақ болды, бірақ әр жолы жағдайы күрт нашарлап, сәби көгеріп, тұншыға бастайды. Қан қысымы да тұрақсыз, көрсеткіштері үнемі өзгеріп тұрады”, – дейді сәбидің анасы.

Отандасымыздың айтуынша, қазір басқа инфекцияларға қосымша талдаулар алынды. Пневмония болуы мүмкін деген күдік те жоқ емес дейді ол. Отбасыны баланың денсаулығы ғана емес, шетелдік емханаға төлеу керек қомақты қаражат мөлшері де қинап отыр.

“Жансақтау бөліміндегі бір күннің құны шамамен 50 000 бат бұл 700 000-740 000 теңге. 24 наурыздан бастап 14 сәуір аралығында емханаға төлеу керек қаржы көлемі — 8 миллион теңгеден асады. Бұл сома күн сайын өсіп жатыр. Алайда емдеуден бөлек, біз тұрып жатқан пәтерге, сәбиге арналған памперстер мен негізгі күтім заттарына және медициналық материалға шығындалуға мәжбүрміз. Ең аз дегенде ауруханада жату 2-3 айға созылуы мүмкін”, – деп отыр Назира.

Ол күйеуін қажет қаражатты табуы үшін Қазақстанға жіберіп, өзі шетелде, баланың жанында қалған. Қазақстанда кәмелетке толмаған төрт бала анасын күтіп отырғаны тағы бар. 

“Ұшақ билеттерінің құны 500 000-600 000 теңге болды. Бізде мұндай ақша болмады. Шарасыз күйде екенімді Kaspi Bank-ке жазып, көмек сұрадым. Олардың арқасында Бангкок арқылы арзан билет таптық. Бірақ қазір бұл да бізге жеткіліксіз болып тұр”, – дейді қазақстандық.

Бала жансақтау бөілімі

Фото: Іnstagram.com/naziratti

Отандасымыз Таиландағы елшілікке шығып, мемлекеттен көмек сұраған. Алайда санитарлық авиация баланы тасымалдаудан бас тартқан.

“Сәби өміріне қауіп төніп тұрғандықтан санавиация жасауда бас тартты. Консул мемлекет тарапынан көмек болмайтынын айтты. Баланың жағдайы тұрақты, қазір сүт беріп жатырмын. Бірақ салмағы тұрақсыз — бірде ет алып, енді бірде салмақ жоғалтады. Пневмония әзірге расталған жоқ”, – дейді Назира.

Бала жансақтау бөіліміФото: Іnstagram.com/naziratti

Баласының жағдайы үшін жанұшырып отырған ана еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінен көмек сұрайды.

“Жергілікті дәрігерлермен және менімен тікелей байланысқа шықса екен деймін. Егер бала өздігінен тыныс ала бастаса, бізге санавиацияға рұқсат берілуі мүмкін. Бірақ ол үшін біздің Денсаулық сақтау министрлігінің мақұлдауы қажет. Министрлік рұқсат етеді деп үміттенемін”, – дейді қазақстандық.

Отбасыға көмектесемін дейтін азаматтар болса, төменде реквизиттер көрсетілген:

Алиева Назира
Kaspi Bank
CASPKZKA
KZ62722C000019674230

Карта нөмірі

4400430228500457
87075309196

STAN.KZ
Жұма, 17 Сәуір, 2026 17:16