"15 мың теңге төлеймін, сонда да интернет жоқ": Депутат Қазақстандағы байланыс сапасын сынға алды

Телекоммуникация нарығын дамытуға қатысты түзетулерді талқылау кезінде депутат Марат Башимов үй интернетінің сапасын сынға алды. Ол бұл салада тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттар “Телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бірінші оқылымда қарады.
Марат Башимовтың айтуынша, телекоммуникация нарығын талқылағанда тек операторлардың құқығы мен бәсекелестік емес, қарапайым қолданушылардың құқығы да ескерілуі керек.
“Бұл салада азаматтардың конституциялық құқығы, тұтынушылардың құқығы жаппай бұзылып жатқанын бәрі біледі. Мен жолдың ар жағында тұрамын. Тіпті осы туралы үлкен жазба да жарияладым. Барлығы “үйдегі интернет істемейді” деп жазып жатыр. Бізге неге ертегі айтасыздар?”, – деді депутат премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиевке.
Депутаттың сөзінше, халық байланыс қызметіне ақша төлегенімен, интернет сапасы төмен.
“Халыққа сіздің нарыққа кім кіріп жатқаны қызық емес. Олар қызмет үшін ақша төлейді. Мен 15 мың теңге төлеймін, қалыпты интернет алғым келеді. Бірақ менде олай емес. Ал сіздер дәл осы тұтынушылардың құқығына жеткілікті көңіл бөлмей отырсыздар”, – деді ол.
Өз кезегінде Мәдиев интернетке қолжетімділік азаматтар үшін қарапайым қажеттілік екенін айтты.
“Мұны әр азаматқа қолжетімді болуы тиіс қарапайым жағдай деп санаймыз. Егер интернетке қатысты мәселе болса, шағымдануға мүмкіндік бар. Біздің мемлекеттік орган мұндай мәселелерді бақылауға алады”, – деді министр.
Сонымен қатар ол депутатқа көмектесуге уәде берді.
“Бүгін бұл ақпаратты алдым. Міндетті түрде қарап, көмектесеміз”, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы ҚТЖ пойыздары мен AirAstana ұшақтарында спутниктік интернет қызметі пайда болатыны туралы жазған едік.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз