Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетаудағы жол апаты: Көлікті басқаруға берген күйеуі 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

көкшетаудағы жағдай
Фото: Видеодан скрин

Көкшетауда автотұрақта әйел адамды қағып, ажал құштырған оқиғаға байланысты жүргізушінің күйеуіне де қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Көкшетауда автотұрақта адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты жүргізушінің күйеуіне 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі барын мәлімдеді.

Оның айтуынша, көлікті басқарған әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

"Кеше сот оның бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Тергеу жалғасып жатыр", – деді Санжар Әділов.

Сонымен қатар күдіктінің жұбайына қатысты да бөлек қылмыстық іс тіркелген. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол көлікті басқаруды заңсыз түрде әйеліне берген.

"Көлікті басқаруға заңсыз рұқсат берген адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 349-бабы бойынша іс қозғалды. Бұл – күдіктінің жұбайы. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Аталған бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Соңғы шешімді сот қабылдайды", – деп нақтылады вице-министр.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда тұрғын үйдің автотұрағына кіреберіс жерде әйелді көлік қағып, оқиға орнында көз жұмған еді. Ақмола облысы полиция департаменті мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажет тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр деп хабарлады полиция. Белгілі болғандай, марқұм 12 жастағы қызын жалғыз тәрбиелеп келген. Артында қызы жалғыз қалды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 18:07