БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу шегі көтерілді: Еңбек министрлігі не себепті өзгеріс енгізгенін түсіндірді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға арналған ең төменгі жеткілікті шегін қайта қарау себептерін түсіндірді. Айтуларынша, алдағы өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қарттық кезеңде лайықты төлемдер алуына кепілдік беру. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәлімдеуінше, зейнетақы жинақтары зейнетке шыққаннан кейінгі тұрақты табыс көзіне айналуы тиіс. Бұл қаражатты кез келген уақытта алып жұмсайтын депозит ретінде қарастыруға болмайды. Әсіресе, зейнетақысы мемлекеттен төленетін базалық төлем мен өздерінің жинақтарына негізделетін жас қазақстандықтар үшін бұл маңызды.
“Қазіргі әдістеме жинақтың жеткілікті шегінен асатын бөлігін алуға мүмкіндік береді. Алайда ол көбіне "мінсіз" сценарийге негізделген, яғни азамат тұрақты түрде міндетті зейнетақы жарналарын аударып, зейнет жасына дейін қажетті соманы жинайды деп болжанады. Ал өмірде кездесетін жағдайлар, мысалы, тұрақты табыстың болмауы немесе жұмыссыздық кезеңдері ескерілмейді”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде ең төменгі жеткілікті шегі қайта қаралмағаны да түзетулер енгізуге негіз болды.
Министрлік экономикалық тұрғыдан негізделген тәсілге сүйенген жаңа есептеу әдістемесіне көшпек. Енді есептеулер өмір сүру ұзақтығын, инвестициялық табысты және болашақ төлемдердің мақсатты деңгейін ескереді.
Оқыңыз
46 жастағы салымшының шотында 11 миллион теңге болса, оның жасына сәйкес жеткілікті шегі – 7,8 миллион теңге. Қазіргі жағдайда ол 3,2 миллион теңгені шешіп ала алады.
“Егер осы соманы шешіп алса, болашақта бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын ай сайынғы төлемі ең төменгі деңгейде қалыптасады. Қазіргі есеп бойынша – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе шамамен 35,6 мың теңге. Ал егер жинақтағы қаражатты алмай, сақтап қалса, болашақтағы зейнетақысы шамамен 2–2,5 есе жоғары болуы мүмкін”, – деп мәлімдеді министрлік.
Жаңа өзгерістердің негізгі мәні – азамат бүгін жинақтың бір бөлігін пайдаланған күннің өзінде лайықты зейнетақы алуға жеткілікті қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету.
Еске салсақ, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу шегін көтеруге қазақстандықтар қарсы шығып, талқылауда ешкім жақтап дауыс бермеген еді.