Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк төрағасы зейнетақы жинақтарының 100 пайызын жеке компанияларға беру ұсынысын қолдады

Тимур Сүлейменов
Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинақтарының 100%-ын азаматтардың өз қалауымен инвестициялық басқарушы компанияларға аудару туралы ұсынысты қолдайтын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тимур Сүлейменов 2023 жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) салымшыларына өздерінің зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушы компанияларға өз қалауы бойынша беру құқығы берілгенін атап өтті. 

Сүлейменовтің айтуынша, бұл көрсеткішті 100%-ға дейін көтеру туралы ұсыныс ақылға қонымды.

"Әр адам өз жинақтарын неғұрлым консервативті мемлекеттік БЖЗҚ-да қалдырғысы келе ме, әлде анағұрлым агрессивті инвестициялық саясат жүргізетін қандай да бір қорға бергісі келе ме – өзі таңдай алады. Яғни, жоғары тәуекелмен бірге жоғары табысқа ұмтыла алады. Менің ойымша, бұл кез келген азамат еркін қабылдай алатын шешім, оған кедергі жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан мен салымшының өз таңдауымен қаражаттың 100%-ына дейін жеке басқаруға беру мүмкіндігін ұсыну бастамасын қолдаймын", – деді Тимур Сүлейменов. 

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, егер ұсыныс заңнамалық деңгейде қабылданса, бұл болашақ зейнеткерлерге көмектеседі. Инвестициялық басқарушы компаниялардың көбеюі қазақстандықтарға өз зейнетақы жинақтарын қайда аудару керегін таңдауға мүмкіндік береді.

"Егер олардың саны артса, бәсекелестік те күшейеді, олар үлкен көлемдегі қаражатты басқара алады. Соның нәтижесінде, зейнеткерлерге жоғары табыс әкеледі деп үміттенемін. Бұрын бізде мұндай нарық болған жоқ, енді ол қалыптасады. Бұл да оң өзгеріс: қосымша компаниялар пайда болады. Ол жерде, мысалы, 20, 30, 50 адам жұмыс істей алады. Бұл – сапалы жұмыс орындары. Қаржы саласы – ірі жұмыс беруші ғана емес, ЖІӨ құрылымындағы маңызды бөлік. Ол тек делдалдық қызмет атқарып қана қоймайды, сонымен бірге жұмыс беруші әрі салық төлеуші ретінде де маңызды рөл атқарады", – дейді ұлттық банк төрағасы. 

Тимур Сүлейменов инвестициялық портфельдердің табыстылығын бағалау кезінде жеке компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің көлемі Ұлттық банктің БЖЗҚ активтерін басқару көлемінен айтарлықтай ерекшеленетінін атап өтті. Сондай-ақ басқару тәсілдері де әртүрлі екенін айтты.

"Кейбір шағын зейнетақы қорларының портфелі әлдеқайда аз, ол жаңарақ болады, онда “ескі активтер” (legacy assets) жоқ. Сол себепті олар кейде жоғары табыстылық көрсетеді. 26–27 триллионды басқару мен 20 миллиардты басқару – екі түрлі тәсілді қажет етеді. Кіші портфельді басқарғанда сіз әлдеқайда икемді боласыз, шешімдерді тезірек қабылдайсыз, жағдайға қарай портфельді жылдам өзгерте аласыз. Бұл да бір артықшылық", – деді ұлттық банк басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының 100%-ын жеке басқарушы компанияларға беруге рұқсат ету ұсынылғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 24 Сәуір, 2026 22:14