Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Депутат Қарақат Әбден көпшілік алдында сәлем салғаны үшін сынға қалды (видео)

Сәлем салып тұрған әйел
Фото: Видеодан скрин

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден көпшілік алдында сәлем салған видеосы үшін сынға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Ауыл" партиясының депутаты Қарақат Әбден желіде күйеуінің Қызылорда облысынан екенін айтып, сахнада қызылордалықтарға сәлем салған сәті түсірілген видео жариялады. Видеода депутат келін ретінде қазақтың салт-дәстүрлерін елемей кете алмайтынын айтып, сахнада иіліп сәлем салады. 

Видео өткен жылдың жазында түсірілген. Депутат видеоны премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған бұрынғы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмысына баға беру үшін жазған жазбасына қосып жариялаған.

Видеоға жазылған желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі депутаттың халық пен дәстүрге құрмет көрсеткеніне оң баға берсе, енді бірі сәлем салу ресми іс-шара үшін орынсыз болғанын, депутаттың белгіленген әдеп нормаларын сақтау керектігін алға тартты.

Кейбір пайдаланушылар қазақстандық депутаттардың жалпы мінез-құлқын да сынға алды. Олардың пікірінше, Қарақат Әбден де басқа әріптестері, отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтаған Ардақ Назаров немесе жұбайын құттықтау үшін парламенттің атын пайдаланған Дәулет Мұқаев секілді әдеп нормаларын бұзған.

Еске салсақ, бұған дейін “әйелінің "гештальтін" жабу үшін” жұбайын парламент атынан құттықтау хат жазған депутат Дәулет Мұқаев қоғам сынына жауап берген еді. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 21:49