Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелімнің "гештальтін" жапқым келді": Дәулет Мұқаев жұбайын парламент атынан құттықтауы жайлы

Дәулет Мұқаев пен әйелі
Фото: Видеодан скрин

Дәулет Мұқаев әйелін парламент атынан құттықтағаны үшін қоғам сынына жауап берді. Мәжіліс депутаты бұл әрекетінің басты мақсаты әйелдерге құрмет көрсету мәдениетін насихаттау екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, қазіргі қоғамда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өзекті болғандықтан, ер азаматтар олардың қадірін тірі кезінде бағалай білуі керек. Ал кейбіреулер депутаттың қадамын орынсыз деп бағалағанымен, Мұқаев мұнда ешқандай ерсілік көрмейтінін жеткізді.

“Басты мақсат – барымызды бағалай білу, қадірлеу, тірісінде құрметтеу. Қазір әйелдерге түрлі зорлық-зомбылықтар жасалып жатыр. Ер азаматтар әйелдерді құрметтесе, сол құрметін көрсетіп жүрсе деген ниеттен туды”, – дейді ол.

“Құттықтаудың басқа жолы болмады ма? Бұл әрекетіңізді ерсі көрінеді деушілер бар” деген журналиске депутат “Сіздің көзқарасыңыз бойынша солай шығар. Ал менің және басқа да көп адамның көзқарасы бойынша мұның ешқандай ерсілігі жоқ” деді Мұқаев.

Айта кетейік, таяуда мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әйелінің "гештальтін жабу" үшін парламент атынан арнайы құттықтау жасатып, әлеуметтік желіде жаңа пікірталас тудырған.

“Біз парламентте құттықтауды өзіміз сатып алып жасатамыз. Ресми қағаз 5 мың теңге тұрады. Адамның есімін жазып ресми құттықтауларға барғанда алып барамыз. Лаура осылай құттықташы деп маған 30 жасқа толған кезде айтқан. Сол гештальті жабылмады. Биыл 32 жасқа толып жатыр. Гештальтін айтқанына үшінші жыл болыпты. Парламент 1 шілдеде тарайын деп жатыр. Қолымда тұрған құттықтау болған соң 5000 теңге төлеп шығарып алдым. Ішіне жүрек жарды тілегімді жаздым”, – деді Дәулет Мұқаев желіде кең тараған видеода.

Кейін депутат жұбайына арнаған жазбасын да жариялаған.

“Бүгін менің Құдай қосқан жан-жарым Лаураның туған күні. Лаура сен менің жай ғана жарым емес, үш баламыздың аяулы анасы, менің бала күнгі көршім, жүрегіме ең жақын адамсың. Біздің отбасын құрғанымызға міне 11 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде талай сәтті бірге өткердік. Қуаныш та, сынақ та,басымызға түскен қайғы да болды. Бірақ сен әрдайым жанымнан табылып, маған тірек болдың. Қолдау білдірдің. Балаларымыздің қызығын бірге көріп, әлі талай жылдарды бірге өткізейік. Мен сені жақсы көремін. Туған күніңмен, жаным! Гештальті жабылды”, – деп жазған Дәулет Мұқаев.

Видео әлеуметтік желілерде кең тарап, қолданушылар арасында түрлі пікір туғызды. Бірі мұны ерлі-зайыптылар арасындағы жылы әзіл әрі романтикалық қадам деп қабылдаса, енді бірі мемлекеттік мәртебесі бар атрибуттарды жеке мақсатта қолдану қаншалықты орынды деген сауал көтерді.

“Дәулеттің халыққа, еліне пайдасынан зияны көп болды деп ойлаймын. “Декретке миллионмен” деген курс сатты. Біреуге пайдасы тиген шығар, бірақ зардап шеккендер де бар. Кейін өз сұхбаттарының бірінде миллиондаған табыс тапқанын айтып, ресми кірісін аз көрсеткенін де өзі айтқан еді. Қарапайым халық салық төлеп отырғанда, мұндай нәрсе қоғамда сұрақ тудырады”, – деді Гүлбану есімді қолданушы.

Тағы Айбек Қуандық есімді оқырман депутаттың 1 шілдеде құрылтай тізіміне ілінбейтінін сезіп, орайлы сәтті ұтымды пайдаланып жатқанын айтты. 

“Депутат болғанға дейін басқаша еді. Депутат қылып сайладық. Жас қой әлі, жасар деп қоясың. Бұларға бірдеңе айтсаң, өзің не бітірдің деп шығады ғой” дейді Дариға Жақсылық.

Еске салайық, бұған дейін мәжілістің жалпы отырысында депутаттық сауал қою үшін микрофон сұраған депутат Ардақ Назаров сөзін анасын туған күнімен құттықтаудан бастағаны үшін сынға қалған еді. Кейін депутат Ардақ Назаров өзін сынағандарға жауап берді. Ардақ Назаров Мәжілістің жалпы отырысында сөзін анасын 70 жасқа толуымен құттықтаудан бастады. Ол анасына ұзақ ғұмыр тілеп, ата-анасына деген құрметін білдірді. Одан кейін депутат әскери қызмет саласындағы мәселелерге тоқталып, Қазақстанда цифрландыру жүріп жатқанымен, әскерге шақыру жүйесінде бұл бағыт әлі толық іске аспағанын айтты. Осыған байланысты ол ашықтықты қамтамасыз ету үшін электронды кезек жүйесін енгізуді ұсынды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 11:39