Таразда кәсіпкер малдың өлексесін тастайтын жерге адам жерлей бастаған

Таразда кәсіпкер өлексе тастайтын жерді адам жерлейтін қорымға айналдырған. Бұлай жалғаса берсе мәслихат дапутаттары биотермия қалдықтарынан қауіпті ауру тарай ма деп қауіптеніп отыр. Қауіпті аймақты жерлеу рәсімімен айналысатын Серіктестік бұл жерді сұраусыз пайдаланып келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тіршілікке қауіпті аймақты рұқсатсыз пайдаланып отырған кәсіпкердің заңсыз әрекетін арнайы комиссия тексереді.
“Негізі заң бойынша, биотермиялық қалдықтар тастайтын орыннан бір шақырым жер тазалық аумағы саналады. Бұл жерде ешқандай нысан болмауы тиіс. Ал мұндағы ара қашықтық 100 метрге де жетпейді. Мұндай нысандар қауіптіліктің бірінші деңгейіне жататындықтан, бұл мәселені жан-жақты қарап, шешу керек”, – деді Жамбыл облысы мәслихатының депутаты Жанар Бүркітбаева.
Өлексе тастайтын орынның қауіпті екенін ветеринар мамандар да ескертті. Ондағы қалдықтар жоғары температураға дейін қызып, содан кейін шіри бастайды. Ереже бойынша, бұл маңға мал жаюға да болмайды. Адамдардың жүруіне тіпті рұқсат етілмеген. Ал қалдықтарды тек арнайы киім киген мамандар тастауы керек.
“Кейін соғылған зираттар 2025 жылдың аяғынан басталды. Оны құзырлы органдар анықтайды. Кімнің балансында, кім рұқсат бергенін анықтайды”, – деді Жамбыл облысы әкімдігі ветеринария басқармасының бөлім басшысы Талғат Қожабергенов.
Сондай-ақ жерлеу рәсімін өткізетін Серіктестік басшысы бұл жерлерді пайдалануға рұқсат алуды енді бастаймыз деп отыр. Алайда тиісті құжатты құнттамайынша, отызға жуық марқұмды жерлеп үлгерген.
“Байқасаңыздар, ол жерде де ескі зираттар бар. Біз тұрғындардың сұрауымен ол жерді қазіп рәсімдеуге дайындадық. Алдағы уақытта әкімдіктен рұқсат алу үшін хат жазбақпыз. Ал мал өлексесін тастайтын жаңа орынды біздің қорымға жақындатып жібергенін түсінбедік. Бізден неге рұқсат алмаған?”, – дейді "Мамандандырылған жерлеу рәсімі" ЖШС директоры Қадырхан Абдуллаев.
Қала әкімдігі бұл мәселені шешу үшін арнайы жұмыс тобын құрамыз деп отыр. Олар биотермия қалдықтарын төгетін аумаққа қалайша адамдар жерленіп жатқанын анықтауға кіріседі. Енді жеке кәсіпкердің жерді өз бетінше пайдаланғаны анықталса, оған қомақты айыппұл салынбақ.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында құрылыс алаңынан адам сүйектері табылған еді.
Құрылыс жүріп жатқан аумақта жергілікті тұрғындар адам сүйектерін байқап, үрейге түскен. Олардың айтуынша, жердің бәрі сүйекке толы, тіпті бас сүйек, жақ сүйек, қол-аяқ сүйектері мен саусаққа дейін табылған.
Тұрғындар бұл аумақта өткен ғасырда жұқпалы аурудан қайтыс болған адамдар жерленуі мүмкін екенін айтып, инфекция тарау қаупінен алаңдап отыр.
Алматы мен оның маңында 70 мың ағаш құлады: 2011 жылғы жойқын дауылдың қандай салдарын қала әлі күнге дейін сезіп отыр
Оқыңыз