Шығыс Қазақстан облысында құрылыс алаңынан адам сүйектері табылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха қаласында жаңа инфекциялық аурухана құрылысы кезінде адам сүйектері табылып, тұрғындарды алаңдатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Құрылыс жүріп жатқан аумақта жергілікті тұрғындар адам сүйектерін байқап, үрейге түскен. Олардың айтуынша, жердің бәрі сүйекке толы, тіпті бас сүйек, жақ сүйек, қол-аяқ сүйектері мен саусаққа дейін табылған.
Тұрғындар бұл аумақта өткен ғасырда жұқпалы аурудан қайтыс болған адамдар жерленуі мүмкін екенін айтып, инфекция тарау қаупінен алаңдап отыр.
Ал жергілікті билік өкілдері жағдай бақылауда екенін мәлімдеді. Әкімдік дерегінше, бұл жерде бұрын инфекциялық аурухана орналасқан және қайтыс болғандар осы аумақта жерленген. Кейін аумаққа құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Табылған сүйектер заң талаптарына сәйкес қайта жерленеді.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жерде инфекциялық аурулардың таралу қаупі жоқ.
ШҚО әкімі баспасөз хатшысы Лаура Жақыпованың сөзінше, полицияның қорытындысына сәйкес, табылған адам сүйектері қайта жерлеуге жатады.
"Олардың тарихи құндылығы жоқ. Шемонаиха әкімдігі оларды қолданыстағы зиратқа барлық заң талаптарын сақтай отырып қайта жерлеу туралы шешім қабылдады", – деді Лаура Жақыпова.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысының Мақаншы ауданындағы Барлықарасан ауылы маңында тауға шығып, жоғалып кеткен 33 жастағы Өзбекстан азаматы іздестіріліп жатқанын жазған едік. Іздеу жұмыстарына ондаған маман жұмылдырылды. Соңында туристің мәйіті жартастың етегінен табылды.
"Сотқа дейін пәтерде тегін тұра ала ма": Үй иелері мен жалға алушылар Қазақстандағы жаңа өзгеріске байланысты нені білуі керек
Оқыңыз