Салығын ЦентрКредит Банкі арқылы төлеген қазақстандықтың қаржысы салық органдарына жетпей қалған

Қазақстандық тұрғын елдегі банктердің біріне қатысты шағымын жариялады. Сөзінше, ЦентрКредит Банкі арқылы салығын төлеген. Алайда қаржы тиісті органға жетпей, есептелмей қалған. Салдарынан шоттары 5 айға жуық уақыт бұғатталып, өзге несиелерін уақытылы өтей алмаған көрінеді. Stan.kz тілшісі істің мән-жайын анықтап көрді.
Желі қолданушысы салығын сәуірде төлеген. Алайда төлемі салық органдарына жетпегенін айтады. Айтуынша, ол бес айдан бері банктен қаржы қайда кеткенін және салық төлемі неге есептелмегені туралы нақты жауап ала алмапты. Қазақстандық әйел мәселесін Threads желісіне жазды.
“Төлем жасалмады” деп тұрғандықтан, салық органдары барлық шотымды бұғаттап тастады. Мен ақшамды ала алмай, несиелерім уақытылы төленбеді. Салдарынан қосымша пайыздар есептеліп, қарызға кіріп кеттім”, – деді ол.
Тұрғын ұзақ уақыт бойы шетелде болған. Алайда осы мәселені шешу үшін әуебилетін алып, елге шұғыл келген.
“Сәуір айынан бастап мен ЦентрКредит Банкіне бірнеше рет хабарластым. Маған мәселе қарастырылып жатыр деді. Алайда ішкі қателікке байланысты өтінішім сәуірден бері қарастырылмағаны анықталды. Алдымен банк қызметкерлері ақша салық органының транзиттік шотында екенін айтты. Кейінірек маған бұл ақпарат басқа клиенттің өтінішіне қатысты екені және менің өтінішім әлі өңделмегенін хабарлады”, – деді әйел.
Айтуынша, банк қызметкері одан салық органдарына әзірге хабарласпауын өтінген. Әрі банк жаңа өтінішті тіркейтінін, бұл үшін 15 жұмыс күні қажет екенін жеткізген. Дегенмен мәселе одан кейін де шешімін таппаған.
ОқыңызАқыры әйел салықты басқа банк арқылы қайта төлепті. Содан кейін ғана шоты бұғаттан шыққан. Онымен қоса банк клиенттің өтінішіне жауапты өзіне емес, Марлен деген адамға жібергенін айтады.
“Мен бұл адамды білмеймін, оған ешқашан сенімхат бермедім және оған менің мүдделерімді білдіруге ешқашан уәкілеттік бермедім. Менің өтінішіме басқа клиент қалай қатысып кетті? Клиенттердің өтініштерін өңдеуде мұндай қате қалай жіберілді? Неліктен менің өтінішім бірнеше ай бойы өңделмей қалды? Неліктен маған қарама-қайшы ақпарат берілді? Неліктен кері байланыс уақытылы берілмеді?” – деп жазды желі қолданушысы.
Енді ол кеткен шығын мен уақытты өтеуді талап етіп отыр. Бұл мәселеге қатысты мән-жайды білу үшін Stan.kz тілшісі ЦентрКредит Банкіне жүгінді.
“Қазір аталмыш сұрақ шешіліп жатыр. Банк клиентке салық сомасын және пайда болған қарызға байланысты өсімпұлды қайтарып берді. Жағдайды белгіленген тәртіппен толық реттеу үшін Банк клиентпен байланыста отыр”, – деп мәлімдеді ЦентрКредит Банкінің баспасөз қызметі.
Салығын ЦентрКредит Банкі арқылы төлеген қазақстандықтың қаржысы салық органдарына жетпей қалған