Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда директор оқушылармен мектеп аумағына бау-бақша егіп, жиналған көкөністі көпбалалы отбасыларға таратпақ

Бау-бақша жұмыстары оқушылар жасаған
Фото: сюжет кадрларынан скрин

Ақтөбеде оқушылар жазғы демалыста мектеп ауласындағы бау-бақша жұмысына тартылған. №14 мектептің бастауыш және жоғары сынып оқушылары 200 шаршы метр жердегі көкөніс пен жеміс-жидекті суарып, арамшөптерін жұлумен айналысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл мектептің “Мектеп бақшасы” деген жобаны қолға алғанына үш жыл болған. Директор мектептің бос жатқан ауласын кәдеге жаратуды шешкен. Содан бері жыл сайын 200 шаршы метр аумаққа көкөніс егіледі. Көктем айларында ұстаздар мен оқушылар сенбіліктер кезінде жерді дайындап, бақша аумағын ретке келтірген. Ал қазір бұл жұмысты мектеп жанындағы еңбек лагеріне қатысып жүрген оқушылар жалғастырып жатыр.

"Бақшада құлпынай, қызанақ, қияр және басқа да көкөністер мен жемістер өседі. Бұған дейін қарбыз бен қауын да еккенбіз. Бүгін арамшөптерді жұлып, бақшаны суардық. Маған еңбек лагері ұнайды", – дейді оқушы Мүслима Қаржаубаева.

Мектеп мұғалімдері мен биология пәнінің ұстазы балаларға өсімдіктерді күтіп-баптау жолдарын үйретеді. Ал күнделікті суару, арамшөптерді тазалау сияқты жұмыстар оқушылардың міндетіне жүктелген. Мектеп директорының айтуынша, бұл бастамаға ата-аналар қарсы емес, мәселе ата-аналар жиналысында талқыланған.

"Біздің мақсатымыз – балаларды табиғатты сүюге, еңбекке баулу. Бақшадан жиналған өнімдерді аз қамтылған және көп балалы отбасыларға таратуды жоспарлап отырмыз. Бұл оқушыларға жақсы тәрбие береді деп ойлаймыз", – деді Доспанов атындағы мектеп директоры Сәбит Шүйтенов.

Биыл құлпынай екі рет жиналып, оқушылар дәмін татып үлгерген. Сонымен қатар ата-аналар мектеп ауласына жеміс ағаштарын отырғызған.

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 11:36