Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Миллионер саябақта сүйісемін деп қыруар қаржысынан қағылды

Саябақта сүйісіп отырған жұп
Фото: @jayguap3

АҚШ-та миллионер заңгер әріптесімен саябақта сүйіскені үшін жұмысынан уақытша шеттетіліп, табысты қызметке ауысу мүмкіндігінен айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі New York Post-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Нью-Йорктегі Орталық саябақта болған. Блогер беделді заң фирмасының 45 жастағы серіктесі Натаниэль Каллертонды сол компанияда қызмет ететін 29 жастағы Келси Боренцвейгпен сүйісіп тұрған сәтінде видеоға түсіріп алған.

Ол жұпқа жақындап:

“Бөлме жалдаңыздар, мұнда балалар жүр”, – деген.

Видео әлеуметтік желіге тарап, миллиондаған қаралым жинады. Осыдан кейін үйленген заңгердің басы дауға қалды. Басылым деректеріне сүйенсек, ол жылына кемінде төрт миллион доллар табыс тапқан. Каллертон басқа ірі заң фирмасына ауысып, бұдан да тиімді келісімге қол жеткізуді жоспарлаған. Алайда видео тарағаннан кейін оның кандидатурасы кері қайтарылды.

Қазір заңгер негізгі жұмысынан да уақытша шеттетілген. Компания өкілдері оқиғаға қатысты ішкі тексеріс жүргізіп жатыр. Осы даудың салдарынан ол ондаған миллион доллар табыс пен мансаптық мүмкіндіктерінен айырылуы ықтимал.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 11:50