Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Демалыс маусымына орай Көлік министрлігі қазақстандық жүргізушілерге үндеу жасады

жол
Фото: Көлік министрлігі

Көлік министрлігі жазда көлік қозғалысының қарқынының артуына байланысты жүргізушілерге аса мұқият болуды ұсынды. Мәлімдеулерінше, жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауынан көптеген оқыс оқиғалар болып жатады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрліктің талдауы жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жүргізушілердің көлік тәртібін сақтамауы екенін көрсетті. Жол-көлік оқиғаларының 91%-ы жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзудан болған екен.

  • Жылдамдықты арттыру – 33%,
  • көлік құралын басқаруды жоғалту – 14%,
  • арақашықтықты сақтамау – 13%,
  • жол белгілерінің талаптарын елемеу – 10%.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғаларының саны азайды. Жол-көлік оқиғаларының саны 9% төмендеп, 1 507 жағдайдан 1 371 жағдайға дейін қысқарды. Бұған көлік жүктемесінің айтарлықтай өсуі әсер еткен. Жарты жылда қозғалыс қарқыны 37% артып, 22,3 миллион көлік болды.

Ведомоство жол-көлік оқиғаларын азайту үшін қандай шараларды жүзеге асырғанын мәлімдеді. 

“Жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырымды құрайтын ақылы жол учаскелерінде енгізілген орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілді. Бұл шара аталған учаскелерде жол-көлік оқиғаларының санын 17% төмендетуге мүмкіндік берді. Соңғы бес жылда республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автомобиль жолының 45%-ы I және II техникалық санаттарға ауыстырылды. Нәтижесінде қарсы бағыттағы көлік ағындары бөлініп, жолдың жүру бөлігі кеңейтілді. Транзиттік көлік қозғалысын елді мекендерден шығару мақсатында 65 айналма жол және 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ жолдағы жағдай мен жылдамдық режимі туралы ақпарат беретін жол белгілері мен ауыспалы ақпараттық таблолар орнатылды. 22 ақылы жол учаскесінде жылдамдықты бақылауға арналған 56 лазерлік құрылғылар іске қосылды. Бұдан бөлек, жыл сайын 8 мыңнан астам жол белгісі ауыстырылып, жол таңбалары жаңартылып, бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады.

Көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитеті жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты екенін ұмытпау керек.

Қырмызы Скендір
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 12:32