Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Досым 3 миллион теңгеге сатып жіберді": Жоғары жалақы іздеген қазақстандық қалай құлдыққа түсті?

27 жастағы Бақтыбек Дадайұлы Мьянмада жеті күн құлдықта болған. Оның айтуынша, сыныптас досы шетелден жоғары жалақылы жұмыс тауып бергенін айтып, Алматыдан Таиландқа шақырған. Қазақстанға жақында ғана көшіп келген Бақтыбек бір жыл еңбек етіп, жағдайымды жақсартамын деген оймен еш күмәнсіз жолға шығады. Алайда оны әуежайдан сыныптасы емес, өзін жұмыс беруші ретінде таныстырған адамдар қарсы алып, қонақүйге орналастырады. Кейін Бангкоктан Мьянмаға жеткізіп, қайықпен қылмыстық топтың қолына өткізіп, шамамен 3 миллион теңгеге сатып жібереді. Stan.kz тілшісі адам саудасының құрбаны болған азаматпен сөйлесіп, елімізде бұл қылмысқа қарсы қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білді.

Бостандығым үшін 40 миллион теңге талап етті

Бұл – 27 жастағы Бақтыбек Дадайұлы. Елде жоғары жалақылы жұмыс таба алмаған ол Қытайдағы танысының ұсынысына сеніп, шетелге аттанған. Алайда жақсы жұмыс іздеп барған жігіт Мьянмадағы "Алтын үшбұрыш" деп аталатын аймақта құлдыққа сатылыпты. 

Қайықтан түскен соң мені қарулы адамдар күтіп алды. Ұрып-соғып көлікке тиеп әкетіп, бір қораға қамады. Мылтықпен қорқытып, қарсылассаң өлтіреміз” деді. Сол кезде "досым қайда?" деп айқайладым. Кейін оның мені 3,5 миллион теңгеге сатып жібергенін білдім. Барлық заттарымды тартып алып, енді бізге жұмыс істейсің деді. Қарсылық білдіргенімде, бостандығым үшін 40 миллион теңге талап етті. "Ақшаны берсең ғана босатамыз, әйтпесе осы жерде өлесің" деп қорқытты. Келесі күні әкемнің қарындасына хабарласып, құлдықта екенімді айттым", – деп Бақтыбек бастан өткендерін сөз етті. 

Інісінің құлдыққа түскенін естіген әпкесі бірден Таиландқа ұшып барып, Қазақстан, Қытай және Норвегия елшіліктерінен көмек сұрайды. Үш елдің дипломатиялық өкілдіктері Бақтыбекті құтқару жұмысына кірісіп, алдымен оны алып кеткен такси жүргізушісін іздей бастаған. Ал осы уақытта Бақтыбек өмірден күдер үзе бастаған: 

“Бұл жерден тірі шықпаймын деп ойладым. Қашуға әрекеттенсең, атып тастайды. Ұрып-соғып, электрошокермен азаптайды. Бір жұтым су мен телефон беріп, желкеме мылтық тақап, жақындарымнан ақша сұрататын. Ақша түспесе, аяусыз соғып, қорлайтын. Кейін олардың адамдарды тек ақша үшін ұстайтынын түсіндім. Сұраған қаражатты төлесең ғана босатады. Ал "фермаға" сатылсаң, интернет-алаяқтықпен айналысуға мәжбүрлейді. Күніне миллиондаған теңге табуды талап етеді, орындамасаң, азаптайды”

Бақтыбектің әпкесіне қылмыстық топ бірнеше рет хабарласып, ірі көлемде ақша талап еткен.

“Егер аталған соманы аудармасаңдар, екі қолын кесеміз деп қорқытты. Мен бірден полицияға жүгіндім. Бұл өте ауыр жағдай болды. Құқық қорғау органдары інімді іздеуге кірісті. Алайда қылмыскерлер менің келгенімді және үш елдің елшілігіне жүгінгенімді біліп отырған. Олар "полиция іс қозғаса, ініңді тірідей көмеміз, ағзаларын сатып жібереміз" деп сес көрсетті. Бірақ үш мемлекеттің араласуынан кейін қылмыстық топтың басшылары інімді босату туралы бұйрық берген", – деп қорытты Бақытбектің әпкесі.

Осы жағдайдан кейін Бақытбектің көзін байлап, өзеннің жанына лақтырып кетеді. Ол жерден оны әскерилер күтіп алып, аман қалған. 

 

Адам саудасы – қоғамдағы ең ауыр қылмыстардың бірі

 

"Сана Сезім" әйелдер бастамалары құқықтық орталығының атқарушы директоры Вера Закутняяның айтуынша, адам саудасы тек шетелде ғана емес, Қазақстанның ішінде де кездеседі. Кейбір адамдарды бір өңірден екінші өңірге алдап апарып, еңбекке немесе сексуалдық қанауға мәжбүрлейді.

Соның бірі - психикалық дамуында ерекшелігі бар ер адамның оқиғасы. Оны алыс қыстаққа апарып, жылдар бойы мал бақтырған. Жақындары оны сегіз жылдан астам іздеп, ресми түрде хабар-ошарсыз кеткен деп танылған. Денсаулығы нашарлап, жұмысқа жарамай қалған кезде қылмыскерлер оны жол жиегіне тастап кетіпті. Ер адам үш күн бойы жаяу жүріп, ақыры Шымкентке жеткен. Бұл оқиға адам саудасының қаншалықты қатыгез екенін көрсетеді. Сонымен қатар, ауылдық жердегі қыздарды "жұмысқа орналастырамыз" деген жалған уәдемен қалаға шақырып, кейін оларды сауналарда жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлейтін жағдайлар да кездеседі. Мұндай құрбандар көбіне алданып қалғанын кеш түсінеді. Қазіргі таңда онлайн сексуалдық қанау да кең таралып келеді. Кейбір жағдайларда қыздардың ішімдігіне дәрі қосып, олардың еркінен тыс бейнежазбалар түсіреді. Кейін сол материалдарды интернетке жариялаймыз немесе туыстарыңа көрсетеміз деп қорқытып, веб-камера арқылы онлайн пайдаланушылардың талаптарын орындауға мәжбүрлейді екен. Сондықтан адам саудасының алдын алу, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және құрбандарға дер кезінде көмек көрсету маңызды міндеттердің бірі. 

"Родник" әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы" қоғамдық қорының директоры Нина Балабаеваның айтуынша, адам саудасына қарсы заңнаманың жеткілікті екенін, алайда басты мәселе  оны тиімді қолдану екенін атап өтті. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының мамандарын тұрақты оқыту мен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет екенін айтты.

“Жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау қызметкерлеріне арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылады. Шетелге жұмысқа немесе оқуға шығар алдында ұсынылған келісімшарттарды мұқият тексеріп, күмәнді жұмыс ұсыныстарына сенбеңіздер. Жеке құжаттарды бөгде адамдарға бермей, жақындарға қайда бара жатқаныңызды міндетті түрде хабарлау керек”,- деп Нина Балабаева қарсы күрес шаралары туралы айтып берді.

 

2024 жылы елімізде "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" алғашқы арнайы заң қабылданды. Соның негізінде құрбандарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп келеді.  Қазір 2027-2029 жылдарға арналған адам саудасына қарсы іс-қимыл жоспары дайындалып жатыр. Ал  полиция мен әлеуметтік қызметтер адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғау үшін бірлесіп әрекет етуде. ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқармасының бастығы Самат Құсетовтың мәліметінше, қайта бағыттау тетігі арқылы адам саудасының 15 құрбанына көмек көрсетілген. Олардың 11-іне заңгерлік кеңес берілсе, 3 адамға арнайы әлеуметтік қызметтер ұсынылған, ал бір бала бөбектер үйіне орналастырылған. Сонымен қатар 29 жәбірленуші мемлекеттік қорғауға алыныпты. 

Сонымен қатар,  жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасына қатысты 80 қылмыс тіркеліп, осы қылмыспен айналысқан екі ұйымдасқан топтың әрекеті тоқтатылған. Осындай фактілердің бірі Алматыда анықталған. Күдіктілер тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың атына қымбат көліктерді несиеге рәсімдеп, кейін сатып отырғаны белгілі болды. Қазір аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сонымен қатар жыл басынан бері  жеңгетайлыққа қатысты 700-ден астам әкімшілік іс тіркеліп, құқық бұзушыларға 213 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз 102 нөмірі бойынша немесе 116 16 сенім телефонына хабарласыңыз.

 

Stan.kz
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 13:14