Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Америкалық сүт өнімдерін өндірушілер Қазақстанға көз тікті – БАҚ

сүт
Фото: Pixabay.com

АҚШ-тың Халықаралық сүт өнеркәсібі қауымдастығы Қазақстанды америкалық сүт өнімдерінің экспортын ұзақ мерзімді дамытуға қолайлы әрі әлеуеті жоғары нарықтардың қатарына қосты. Мұндай қорытынды 3 тамызда жарияланған Project Diversify жобасының екінші зерттеуінде айтылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Зерттеу авторлары Орталық Азия елдерінің нарығын талдады. Олардың бағалауынша, қысқа мерзімді перспективада ең тартымдысы – Өзбекстан. Бұған елдегі экономикалық өсім, тұтынушылық сұраныстың артуы, қолайлы инвестициялық ахуал және АҚШ-пен сауда байланыстарының дамуы себеп болған.

Ал Қазақстан мен Қырғызстанды ұзақ мерзімде әлеуеті жоғары деп бағалайды.

"Орталық Азия америкалық сүт өнімдерін экспорттаушылардың назарындағы алғашқы аймақтардың қатарында болмауы мүмкін. Алайда талдау бұл өңірдің әлдеқайда назар аударуға лайық екенін көрсетеді", – деді IDFA сауда және еңбек саясаты жөніндегі аға вице-президенті Бекки Расдалл Варгас.

Қауымдастық Қазақстанның әлеуетін инфрақұрылымды жаңғыртумен, цифрлық коммуникацияларды дамытумен және қаржы секторын реформалаумен байланыстырады. Сонымен қатар авторлар Қазақстан мен Қырғызстанның Қытаймен және Ресеймен тығыз байланыстары америкалық экспорттаушылардың жұмысын қиындатуы мүмкін екенін ескертеді.

Зерттеу америкалық сүт өнімдерінің жаңа нарықтарын анықтау үшін дайындалды. Қауымдастықтың мәліметі бойынша, АҚШ-тың сүт өнімдері экспортының жылдық көлемі рекордтық деңгейге жуықтап, шамамен 10 миллиард долларға жеткен. IDFA жобаның нәтижелері компанияларға одан әрі кеңею үшін елдерді дұрыс таңдауға көмектеседі деп үміттенеді.

Есеп америкалық өндірушілер Қазақстан нарығына кіреді дегенді білдірмейді. Онда нақты компаниялар, өнім түрлері, күтілетін жеткізу көлемі немесе экспорттың басталу күндері аталмаған.

IDFA құрамына АҚШ-тағы сүт, ірімшік, йогурт, балмұздақ, сүт ингредиенттері және өзге де сүт өнімдерін өндіретін әрі сататын жүздеген компанияның мүддесін қорғайды. Қауымдастыққа халықаралық ірі корпорациялармен қатар шағын өңдеу кәсіпорындары, кооперативтер, бөлшек сауда желілері және сүт өнеркәсібіне арналған жабдық жеткізушілері де мүше.

Қырмызы Скендір
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 13:00