Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Француздық ПСЖ футбол клубы Қазақстанда өз академиясын ашады

ПСЖ академиясы Қазақстанда
Фото: @psgacademy/Instagram

Францияның әйгілі ПСЖ футбол клубы Қазақстанда ресми академиясын ашпақ. Академия қыркүйек айынан бастап Астанада 6-14 жас аралығындағы балаларды қабылдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Францияның "Пари Сен-Жермен" футбол клубы PSG Academy Kazakhstan жобасының іске қосылатынын растады. Академия Тұран даңғылы, 90А мекенжайындағы Air Arena жабық спорт кешенінде орналасады. Жаңа футбол орталығының алғашқы маусымында 6-14 жас аралығындағы 300-ге жуық баланы қабылдау жоспарланған. Қатысушылар жасы мен спорттық дайындығына қарай бірнеше топқа бөлінеді.

Балалар ПСЖ-ның жасөспірімдер командаларын дайындауда қолданылатын арнайы бағдарлама бойынша жаттығады. Академияда жұмыс істейтін жергілікті бапкерлер Париждегі клуб мамандарынан арнайы білім алып, олардың тұрақты әдістемелік қолдауына ие болады.

Жоба аясында балаларға тек тұрақты жаттығулар ғана емес, демалыс кезіндегі оқу-жаттығу жиындарына, түрлі турнирлер мен жолдастық ойындарға қатысу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар тәрбиеленушілер PSG Academy халықаралық іс-шараларына қатыса алады және ресми клубтық спорттық киіммен қамтамасыз етіледі.

Академияда жаттығулар жыл бойы өтеді. Оқу процесі FIFA талаптарына сай жабық футбол алаңы бар Air Arena кешенінде ұйымдастырылады.

Қазақстан осы жобаның жаһандық желісіне қосылған 24-інші мемлекет болып отыр. Қазіргі таңда PSG Academy құрамында әлем бойынша 200-ден астам орталық жұмыс істейді, онда жыл сайын шамамен 50 мың бала футболмен айналысады. Алдағы уақытта академияны Қазақстанның басқа қалаларында да ашу жоспарланып отыр. 

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 05 Тамыз, 2026 11:57