Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сантехник ескі үйдің жертөлесінен 30 келі алтын тауып алды

Жертөледен табылған алтын
Фото: Geekweek.interia.pl

Аустрияның Вена қаласында ескі вилланы жөндеп жүрген сантехник жертөледен алтын тиындарға толы сандық тауып алған. Қазынаның жалпы салмағы шамамен 30 келі, ал құны 2,3 миллион еуроға бағаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі GeekWeek-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Венаның Пенцинг ауданында болған. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан шебер жертөледен салбырап тұрған арқанды байқап, тартып көрген. Арқанның ұшы темір сандыққа байланған болып шыққан. Сандықты ашқанда ішінде алтын тиындар жатқан. Олардың кейбірінде әйгілі композитор Моцарттың бейнесі бейнеленген.

Мамандар алтынды жасырған адам сандықты кейін оңай табу үшін оған әдейі арқан байлап қойған деп болжады. Қазына Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін жасырылған болуы мүмкін. Алайда оның иесі неге қайта оралмағаны белгісіз.

Аустрия заңына сәйкес, табылған зат ресми түрде қазына деп танылса, оның құны тапқан адам мен жылжымайтын мүлік иесі арасында тең бөлінеді. Осылайша сантехник бір миллион еуродан астам сыйақы алуы мүмкін еді.

Алайда оқиға күтпеген жерден басқа арнаға бұрылған. Құны миллиондаған еуро болатын алтын тиындар салынған сандық табылғаннан кейін көп ұзамай із-түзсіз жоғалып кеткен.

Әлеуметтік желіде алтынды сантехник алып кетті ме, әлде үй иесі құқық қорғау органдары келгенше жасырып үлгерді ме деген түрлі болжам тарады. Вилла иесінің заңгерлері сандықтың қайда кеткенінен хабарсыз екенін айтып, оны алып кеткен адамдарды іздеп жатқанын мәлімдеген.

Осы оқиғаға байланысты тергеу басталған. Алайда полиция әзірге жоғалған алтынның ізіне түсіретін айғақ таппаған.

Сондықтан сандық табылмайынша, сантехник әзірге жаңалық тақырыптарында ғана “миллионер” болып қала бермек.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 30 Шілде, 2026 13:15